Тоқаев Байденнен кейін сөйледі. «Орталық Азия – АҚШ» саммиті қалай өтті?

Жарияланды
Фото: Ақорда

БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының аясында «Орталық Азия – АҚШ» саммиті өтті. Жиынға Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан, Тәжікстан мемлекеттері басшылары АҚШ Президенті Джозеф Байден және сол елдің мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қатысты.

Қазақстан. Ақорданың баспасөз қызметі, Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін бірінші болып сөз алғанына мән беріпті. Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.

«Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды», делінген хабарламада.

Ақорданың баспасөз қызметі сонымен қатар, «саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән» берілгенін жазды.

«Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді», делінген хабарламада.

Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметі Шавхат Мирзиёевтің, «Орталық Азияда кең ауқымды ынтымақтастыққа жаңа айрықша жаңа мүмкіндіктер туғызып отырған, аймақтағы өзаратүсіністік, әріптестік және достық қатынастардың нығайып келе жатқанына жоғары бара» бергенін жазыпты.

Өзбек Президенті ресми сайтының жазуынша, кездесу қорытындысы бойынша, АҚШ пен аймақтағы мемлекеттер арасында іс жүзіндегі серіктестікті кеңейту және өзара түсіністікті одан әрі тереңдету туралы келісім жасалған.

Қырғыз Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Садыр Жапаров өңір елдерінде айтарлықтай табиғи ресурстар, энергетикалық ресурстар мен пайдалы қазбалардың ірі қорлары, сондай-ақ білікті жұмыс күші бар екенін атап өтті.

«Біз шетелдік серіктестердің, соның ішінде америкалық бизнестің біздің еліміз бен өңіріміздегі кең іскерлік байланыстарын қолдаймы. Біз «жасыл» экономика, гидроэнергетика, АТ технологиялары, жұмыспен қамту және білім беру сияқты негізгі салаларда ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа дайынбыз. Бізде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ирригация, көлік-логистикалық жүйелер, соның ішінде инфрақұрылымдық жобалар саласында түрлі жобалар табысты іске асырылуда», деді Садыр Жапаров саммитте.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоновтың баспасөз қызметі, ол өз сөзінде «Мемлекет басшыларының назарын сын-қатерлер мен қатерлерді ұлғайту, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ауғанстандағы саяси ахуал және Тәжікстанның мемлекеттік шекарасын қорғау мәселелеріне аударды», деп жазды.

Эмомали Рахмон Ауғанстандағы тұрақтылық өңіраралық байланыстарды дамытудың маңызды факторы болып табылатынын, «осыған байланысты біз осы елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты тезірек қалпына келтіруге мүдделіміз», деп атап өтті.

Түркіменстан ресми БАҚ құралдары «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне ел Президенті Сердар Бердімұхамедовтың қатысқанын қысқа ғана жазыпты. «Күн тәртібінде экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, климаттың өзгеруіне, сондай-ақ қазіргі заманның сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұруға қатысты көптеген мәселелер тұр. Сонымен қатар, өзара қызығушылық тудыратын негізгі халықаралық және аймақтық мәселелер талқыланды», делінген ақпаратта.

Осыған дейін, «Курсив» тілшісіне сұхбат берген саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт, Байден мен Орта Азия елдері басшылары арасындағы кездесудің зор саяси маңызы бар деп айту қиын екенін айтқан болатын.

«Сондықтан бұл кездесудің АҚШ немесе біз үшін айтарлықтай саяси маңызы бар деп айту қиын. Тек екі елдің сыртқы саясатында бұрыннан қалыптасқан форматта жалғаса беретініне тағы бір мәрте көз жеткізіп алу үшін ғана өтеді деп ойлаймын. Сондықтан өз басым бұл кездесуден айтарлықтай өзгеріс күтпеймін», деді саясаттанушы.

Сондай-ақ оқыңыз