Туризм саласына кейінгі 3 жылда 4 млрд доллар инвестиция тартылған
Фото: Офелия Жакаева
2020-2022 жылдары Қазақстанның туристік саласына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Былтыр салынған инвестиция көлемі 513,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, осы жылдары елімізде 400-ден астам туристік нысан бой көтерген. Бұл туралы Туризм және спорт министлігі хабарлайды.
«Мемлекет отандық туризмді дамыту үшін жеке капиталды белсенді түрде тартуда. Өткен жылдан бастап мемлекеттік қолдау шараларымен туризм объектілерін салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік автобустар сатып алу жөніндегі жобалар қамтылды. Сондай-ақ туроператорларға шетелдік туристерді тартқаны үшін субсидиялар беріледі. Бұдан басқа, ел ішінде саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үшін балалар авиабилеттері субсидияланады. Шетелдік инвесторларды тартуға, оның ішінде түрлі преференциялар беру арқылы ерекше көңіл бөлінеді»,-деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Республикада Hilton, Marriott, Wyndham, Accor және т.б. сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақ үй желілері ашылған.
Ақтауда өткен Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов туризм саласына қаржы салғысы келетін инвесторларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
«Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақ мерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.
Биыл шетелден 500 мың турист келіп, қонақүйлер жарты жылда 99 млрд теңге табыс тапқан. Министрлік мәліметінше, Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 45%-ға артық.
Ал қонақүй қызметін пайдаланған ішкі туристер саны 3,1 млн адамға жеткен. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 мың туристке артық. Ал пандемияға дейінгі деңгейден 1 млн адамға көп.
Туризмді дамыту мақсатында еліміздің туристік картасы бекітілген болатын.
Құжатта бектілген туристендіру картасына 102 түрлі туристік нысан мен аймақ енген. Оның ішінде республикалық деңгейдегі 33 туристік аумақ пен нысан бар.
Республикалық деңгейдегі туристік аумақ тізіміне Алматы, Астана, Түркістан қалалары енген. Сонымен бірге бұл тізімге Көлсай-көлдері, Тарбағатай, Іле-Алатау, Шарын, Қатон-Қарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы, Сайрам-Өгем және т.б. мемлекеттік ұлттық табиғи парктері кірген.