Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым саласындағы сыйлықақылар мен мемлекеттік ғылыми стипендияларын беру қағидаларын бекітті.
Министрлік бұйрығына сәйкес көтермелеу мақсатында ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ұсынады. Яғни, ғалымдар үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары, ғылым саласындағы аса зор
жетістіктері үшін жыл сайынғы сыйлықтарды алуға және мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылуы мүмкін.
Ал мемлекеттік ғылыми стипендиялар мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі немесе қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге, ғылыми кадрларды даярлауға белсене қатысатын ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге, ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсене қатысатын және ғылыми қоғамдастық мойындаған, қоса алғанда қырық жасқа дейінгі талантты жас ғалымдарға да берілуі мүмкін.
«Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендияларды беруді уәкілетті орган және салалық уәкілетті органдар «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде жүзеге асырады. Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар конкурстық негізде беріледі. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беруге арналған конкурстарға осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер, яғни Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады», делінген құжатта.
Сыйлық алуға жеке авторлар, сондай-ақ саны бес адамнан аспайтын авторлар ұжымының жұмыстары ұсынылады. Әр автор және авторлар ұжымы конкурсқа бiр жұмыс ұсына алады. Бірақ бұрын республикалық бюджет қаражатынан төленетiн сыйлықтарға ие болған жұмыстар осы сыйлықтарды алу конкурсына қатысуға жiберiлмейдi. Сыйлыққа жұмыс екi реттен артық ұсынылмайды. Осы сыйлықтар лауреатының жаңа жетiстiктерi болған жағдайда ғана, сыйлықтар оған соңғы тағайындалғаннан кейiн бес жыл өткен соң қайталанып берiледі.
Ұжымдық жұмыстардың авторларына сыйлықтың ақшалай бөлiгi тең үлеспен төленедi. Сонымен бірге жас ғалымдарға арналған сыйлықақы түрлерібар. Бұл конкурсқа қоса алғанда қырық жасқа дейінгі жас ғалымдар қатыса алады. Жас ғалымдардың жұмыстары конкурс жарияланғанға дейiнгi жылды қоса
алғанда соңғы үш жыл ішінде орындалған болуы тиіс.
Жалпы, сыйлықақы мен стипендия түрлеріне және берлгіленген қаражат көлеміне тоқталар болсақ, олар келесідей:
- Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлық жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін – 350 АЕК (2023 жылы 1 207 500 теңге);
- Ш.Ш.Уәлиханов атындағы атындағы сыйлық гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеулер үшін – 350 АЕК;
- Ы.Алтынсарин атындағы сыйлық атындағы педагогика саласындағы үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары үшін – 350 АЕК;
- Күл-Тегін атындағы сыйлық Түркітану саласындағы ерекше жетістіктері үшін – 300 АЕК (1 035 000 теңге);
- Д.А.Қонаев атындағы сыйлық жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік жұмыстары үшін жас ғалымдарға беріледі – 150 АЕК (517 500 теңге);
- М.О.Әуезов атындағы сыйлық гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік жұмыстары үшін жас ғалымдарға тағайындалады – 150 АЕК;
- Ал мемлекеттік ғылыми стипендия көлемі – 24 АЕК (82 800 теңге).
Бұйрық ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткенде қолданысқа енеді.