Henkel елімізден көшпейді, керісінше, өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр – ҰЭМ
Ұлттық экономика министрлігі «Henkel central Asia & Caucasus» ЖШС компаниясының елден көшетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұған дейін кейбір отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында құрғақ құрылыс қоспалары мен ерітінділерді өндірумен айналысатын «HENKEL CENTRAL ASIA & CAUCASUS» (неміс инвесторы) өз өндірісін Қазақстаннан басқа елге көшірейін деп жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды», делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, 2008 жылы маусымда Алматы облысы, Қонаев қаласында өз зауытын іске қосқан Henkel компаниясы керісінше, ҚР аумағында өндірісін кеңейту мақсатында Үкіметпен жұмыс жүргізіп жатыр.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Henkel Central Asia & Caucasus компаниясының Өзбекстанға көшетіні туралы ақпарат тарады. Ол ақпаратта Қазақстанның корпортивтік салығы өскені себепті және елдегі тұрақсыздық пен біліктілігі жоғары мамандардың жоқтығына байланысты көшетіні айтылған болатын.
Шетелдік инвесторларға қандай қолдау көрсетіледі? Министрлік шетелдік инвесторларға бүгінде барынша мемлекеттік қолдау шаралары жүргізіліп жатқанын, атап айтқанда, инвестициялық келісімшарт шеңберінде кәсіпорындар кедендік баждан және импортқа салынатын ҚҚС-тан (қосылған құн салығы) босатылған. Сондай-ақ инвестиция көлемінің 30%-нан аспайтын мөлшерде заттай гранттар беріледі.
Ал инвестиция көлемі кемінде 2 млн еселенген АЕК болатын жаңа өндіріс құрылған жағдайда корпоративтік табыс салығынан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Инвестициялар көлемі 5 млн еселенген АЕК-тен кем емес қолданыстағы өндірістерді жаңартқан жағдайда, корпоративтік табыс салығынан 3 жылға босату қарастырылған.
5 жыл мерзімге технологиялық жабдықтарды, жиынтықтауыштар мен қосалқы бөлшектерді импорттау кезінде кедендік баждардан босатылады. Инвесторлар үшін Салық кодексінде инвестициялық салық несиесін алу құқығы көзделген. Онда 3 жыл ішінде несие сомасын кейіннен кезең-кезеңімен төлей отырып, КТС және мүлік салығы бойынша өз төлемдерін 100%-ға азайтуға мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу шеңберінде 75 млн еселенген АЕК яғни 500 млн теңге сомасындағы қаражатты инвестициялаған жағдайда ҚР салық заңнамасының 10 жылға тұрақтылығына кепілдік беріледі. Бұл ретте КТС корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесі 2009 жылдан бастап 30%-дан 20%-ға дейін төмендеп, сол деңгейде тұрақты болып қалып отыр және өзгерістерге ұшырамаған.
Оған қоса, Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларды 3 жыл мерзімге салық баждарынан босатуды тапсырғанын атап өткен жөн.
«Үкімет Президент, Премьер-министр, министрлер мен әкімдер деңгейінде түрлі алаңдарда шетелдік инвесторлармен ашық талқылау және сындарлы диалог жүргізуде. Халықаралық рейтингтік агенттіктер инвестициялық сенімділік деңгейінде ҚР тәуелсіз рейтингін «Тұрақты» болжаммен растады. Қазақстан жан басына шаққанда тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша ТМД-да көшбасшы ел және осылай болып қала береді», делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі жыл соңына дейін Бірыңғай инвестициялық платформа іске қосылатынын хабарлаған болатын.