Нарық бағасынан 30 есе жоғары: мұнай тасымалдайтын жеке компания өзінің монополиялық жағдайын асыра пайдаланған
Үкіметте монополияға қарсы шараларды қабылдау мәселесі талқыланды, деп хабарлады Премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында мұнай өндіру және тасымалдау, денсаулық сақтау және теміржол инфрақұрылымын пайдалану салаларындағы монополия мәселесі көтерілген.
Кеңесте кен орындарының бірінен шикізат өңдеу үшін битум зауытына жіберілетін мұнай құбыры бар жеке компанияның қызметі қаралған. Аталған бағытта осыған ұқсас басқа құбырлар болмағандықтан, мұнайды балама жолмен тасымалдау мүмкін емес. Сол үшін де бұл компания өзінің монополиялық жағдайын асыра пайдаланып, мұнайды осындай қашықтыққа тасымалдау үшін нарықтың басқа қатысушылары қолданып отырған тарифтен 30 есе жоғары баға белгілеген.
Бұл мәселе уәкілетті мемлекеттік органдарға белгіленген бағалардың негізділігіне талдау жасау және ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті арқылы қажетті шаралар қабылдау арқылы шешілмек.
Сондай-ақ жиында АМӨЗ және ПМХЗ-ға аутсорсинг шеңберінде көрсетілетін бірқатар сервистік қызметтерді зауыттардың өз құзыретіне қайтару мәселесі де қаралды.
Жиынға қатысушылар медициналық ұйымдарды жабдықтармен және техникамен жарақтандыру саласында жұмыс істейтін кәсіпорынды сенімгерлік басқарудан Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру және бұрын мемлекет меншігіне қайтарылған теміржол кірме жолдарын пайдалану мәселелерін талқылады.