Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ сессиясында сөйлеген сөзі және C5+1 саммиті: саясаттанушылар қандай баға береді?

Жарияланды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарлап бірқатар мемлекет басшыларымен, алпауыт компания жетекшілерімен кездесу өткізді. Сонымен бірге, Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты.

Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатта Президент адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді.

Президенттің бұл жолғы сапарына саясаттанушылар әр алуан пікір білдіріп, сан түрлі ракурстан қарайды.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде орташа мемлекеттердің дауысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі деңгейінде естілетіндей болу керек деген мәселеге көңіл бөлді.

«Дамушы елдердің көбі орнықты дамуға мүдделі. Әлемдік гегемондар тарапынан туындап жатқан, әсіресе пандемиядан кейін бәріміз байқап отырған полярландыру жағдайы бізге үлкен зиянын тигізіп жатыр. Бізді лагерьлерге қосылуға, сауда саясатын өзгертуге мәжбүр етеді, шиеленіс салдарынан байланысты жеткізу тізбегі бұзылады, сонымен қатар үлкен соғыспен ғана емес, нақты ядролық соғыспен байланысты экзистенциалды қауіп бар. Менің ойымша, мінберде Тоқаев соңғы күндері сөйлескен барлық әріптестерінің не ойлайтынын айтты«, деді Никита Шаталов.

Депутаттың айтуынша, Президенттің сөзінде болып жатқан оқиғалар үшін жауапкершілік және дипломатиялық өкілеттіліктегі жауапкершілікке сай болмау мәселесі көрініс табады.

«Тіпті пандемия белгілі бір кезеңде геосаяси қаруға айналды-ол манипуляцияланды, вакцина нарығында сауда соғысы болды, бұл қауіпсіз мінез-құлықты насихаттауға және есірткіге қол жеткізуге әсер етті. Халықаралық қарым-қатынасты реттейтін институт ретінде БҰҰ-ның реформаға мұқтаж болып келе жатқаны баяғыдан белгілі. Әлемдік тәртіп басқалардың бәріне үстемдік етуге жиі тым құмар гегемондарға ғана емес, сонымен қатар тым кедей емес, ең бай емес, сондықтан да жаһандық тұрақтылыққа мүдделі орташа мемлекеттерге де сүйену керек. Өсіп келе жатқан жаһандық инфляция бізге ең көп әсер етеді, сол себепті өркендеуге зиянын тигізетін үнемі өзгеретін жағдайларға бейімделуге мәжбүрміз. Тиісінше біз ірі мемлекеттердің тұрақсыз қатынастарына қарсы тұру үшін БҰҰ-дан тыс бірыңғай келіссөздер үстеліне отыру үшін тым көппіз. Тоқаев сөз басында айтқан мәселе бізге көбірек қатысты. Реформаларға қатысты халықаралық саясат қарқынының тым баяу екені түсінікті. Қақтығыстар мен соғыстар өте жедел болады. Бірақ Мемлекет басшысының айтқаны – көптеген мемлекеттер мен олардың азаматтары мүдделі үлкен процестің бастауы», дейді Никита Шаталов.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Президент Тоқаев БҰҰ мінберінде халықаралық шарттарды сақтамаудың, тоқтата тұрудың және одан шығудың алаңдатарлық тәжірибесіне назар аударды деп есептейді.

«Бұл жерде әңгіме көптеген құжат туралы болуы мүмкін: шабуылдаушы қаруларды шектеуден бастап халықаралық қылмыстық сот төрелігіне дейін. Бұл – дамушы державалардың ғана емес, батыс әлемі лидерлерінің де бақшасына лақтырылыған тас. Сонымен қатар Тоқаев «орта державалар» мен барлық дамушы елдердің дауыстары күшейіп, анық естілуі үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін жан-жақты реформалау қажеттігін қолдады. Әңгіме мынада – бес мемлекет – АҚШ, РФ, ҚХР, Ұлыбритания және Франция вето құқығына ие болғандықтан, өздерінің және одақтастардың мүдделеріне сүйене отырып, Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысын жиі әлсіретеді. Реформа Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің санының кеңеюін білдіруі мүмкін. Қауіпсіздік кеңесі тұрақты мүшелерінің санының артуы. Вето құқығының толық жойылуы немесе оны еңсеру мүмкіндігі», дейді сарапшы.

C5+1 саммитінің маңызы

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Байден бастамашылығымен өткен C5+1 платформасы біз үшін маңызды деген ой айтады.

«2015 жылы АҚШ посткеңестік елдермен қатынасты күшейту керек деп шешті. Оның ішінде Орталық Азия елдерімен байланысты арттыру қажеттігі басты міндеттің бірі ретінде айтылды. Неге 2015 жылы десеңіз, 2014 жылы Ресей Украинаға қарсы агрессиясын танытып, Қырымды тартып алды. Бұл АҚШ-тың көзқарасында «Ресей посткеңестік елдерде жаңа отарлау саясатын бастады» деп танылды. Сәйкесінше ОА елдерімен байланысты арттыруға қатысты түрлі шешімдер ұсынылды, соның бірі осы С5+1. Бүгінгі жиын тарихи. Себебі осыған дейінгі С5+1 аясындағы кездесулердің барлығы Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлігі және АҚШ МемХатшысы қатысуының деңгейінде өтіп келді. Биыл алғаш рет бұл жиын мемлекет басшыларының деңгейінде өтіп отыр. АҚШ-тан Байден, бізден Тоқаев, өзбектен Мирзиеев, қырғыздан Жапаров, тәжіктен Рахмон, ал түркіменнен Сердар қатысты. Кездесу форматына назар аударсақ, сол батыстық типте өтті. Үлкен залдың орнына кішігірім залда сөйлесуді жөн көріпті. G7 кездесулері де сондай бір кішігірім залда өте беретіні бар. Яғни мәселе залда емес, айтылатын ойда, жасалатын ұсыныста», дейді ол.

Сарапшының пайымдауынша, жанымызда екі ірі ел тұрғандықтан да АҚШ-пен, жалпы батыспен байланысты арттыра беру біз үшін қажет қадам. Асхат Қасенғали әскери, экономикалық және саяси тұрғыдан баланс ұстау маңызды деген пікірде.

Айтуынша, Ресей Орталық Азия елдерімен тығыз байланыста. Экономикалық, әскери ұйымдар арқылы да әріптестік жасауда. Қытай да Орта Азиядағы өз байланысын, ықпалын арттыруға мүдделі.

Осы жылдың мамыр айында Қытай басшысы Си төраға Сиань қаласына Орталық Азияның басшыларын шақырып, екі күндік саммит жасады. Экономикалық бағдарламалар ұсынған болатын.

Асхат Қасенғалидің пкірінше, сәйкесінше бұл аймақпен байланысты күшейту керек деген ой Вашингтонда да туындады.

Ең біріншісі ол – экономика. АҚШ-тың біздің елде мұнай саласында инвестициясы бар. Тәуелсіздікті алған сәтте алғашқылардың бірі болып азаттығымызды мойындаған да, бізге алғаш инвестиция салғандардың бірі де осы АҚШ болатын. Бүгінде Chevron, ExxonMobile, General Electric сынды компаниялар көпшілігімізге таныс. Осы жолы президент Wabtec, Mastercard, Amazon және басқа компания басшыларымен кездесті. Бұл қаржылық сектор, логистиканы дамыту мүмкіндіктері, теміржол саласын дамыту, жасанды интеллектіні дамыту, мұнай-газ саласындағы барлау жұмыстарын күшейту және басқа бойынша келіссөздер өтті деген сөз», деп пікір білдіреді сарапшы.

Ол сонымен қатар жиында қорғанысты күшейту мәселесі де сөз болса керек, бірақ ол көпке жария болмасы анық дейді.

«Қару саласын әртараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Армения оның жарқын мысалы. Естеріңізде болса, бізде АҚШ-пен бірлесіп «Дала қыраны» деген жаттығу өтіп тұратын. Соны алдағы уақытта қайта өткізу жағы талқыланса дұрыс болар еді. Біз өзімізді көпвекторлы елміз деп жарияладық. Қытаймен де, Ресеймен де, Еуропамен де, АҚШ-пен де және басқаларымен де қатынас ұстаймыз дедік. Алайда соңғы уақыттағы державалар арасындағы қақтығыстар «сен кіммен біргесің» деген сұрақты қоюды жақындатуы мүмкін. Бізге геосаяси қақтығыстардың құрбаны болмау үшін және біржақты саясатқа ілініп кетпеу үшін, дәл осындай көпбағытты кездесулер және оның аясындағы жұмыстар жалғасын тапқаны қажет», дейді саясаттанушы.

Сондай-ақ оқыңыз