Сенат депутаттары мәжіліс қабылдаған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын және ілеспе құжатты мақұлдады.
Заңға сәйкес петиция ұғымы енгізіледі. Бұған дейін мәжілісте заң жобасын бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі (қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі – ред.) таныстырған еді.
Заң жобасына қоғамдық бақылау, қоғамдық бақылау субъектілері, және қоғамдық бақылау объектілері деген ұғымдар енгізілген.
Заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды іске асыруға 18 жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады.
Қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары да бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күнде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек.
Ілеспе заң жобасына сәйкес, заңнамаға петиция ұғымы көрсетіледі. Сондай-ақ Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген.
Петицияны Қазақстан азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады. Уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды. Петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматы қосылуы керек.
Петицияны міндетті түрде қарау үшін оны қолдайтын дауыстың шекті мәні болады:
- Аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 5%-ы болуы керек.
- Аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы;
- Облыстық деңгей (әкімдіктер) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарының 1% дауысы;
- Облыстық деңгей (мәслихаттар) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2%-ы;
- Республикалық деңгей (Үкімет) – кемінде 50 мың дауыс.
Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырып, хабардар етіп, мемлекеттік орган шешімінің жобасын жария талқылауды ұйымдастырып, жеке комиссия немесе жұмыс тобын құрады.
Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қабылдайды. Мәслихат депутаттарына петицияны ілгерілету кезеңінде қол жинауға қатысу, мемлекеттік органдардың петицияларды қарауына мониторинг жүргізу, петицияларды қарау бойынша өз округінің сайлаушыларын хабардар ету және тағы басқа өкілеттіктер беру үшін «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға өзгерістер енгізу ұсынылған болатын.
Сенатор Руслан Рүстемовтің айтуынша, бұл заңдар мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.
«Заңда қоғамдық бақылау ұғымы, қоғамдық бақылаудың мақсаты мен басты қағидаттары айқындалады. Қоғамдық бақылауды іске асыратын қоғамдық бақылау субъектілері және қоғамдық бақылау объектілері айқындалады және олардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Мысалы, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы болады», – деді сенатор.
Айтуынша, қоғамдық бақылаудың негізгі формалары ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылған.
Халықаралық тәжірибе
Сенат отырысында депутат Серік Өтешов заң жобасына қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне сұрақ қойды.
«Заңда петицияны азаматтардың интернет портал арқылы бере алатыны көрсетілген. Соған сәйкес петицияны интернет порталға орналастырудың ерекше тәртібі де бар. Петиция берілген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде 50 адам қосылуы керек. Петицияны қарау үшін аудандық, республикалық деңгейде оны қолдайтын дауыстардың міндетті шегі бар. Заңға сәйкес шекті мәнге жеткен ғана петиция қолдау тапты деп саналады. Петицияны жазудан жауап алуға дейінгі процестің ұзақ уақыт алатыны, шекті дауыс жинамаған жағдайда петицияның қаралмайтыны немесе көтеріліп отырған мәселенің өзектілігін жоғалтатыны анық. Мұндай талапты нені басшылыққа ала отырып бекіттіңіздер? Петицияны міндетті түрде қарау үшін бекітілген шекті дауыс қандай критерийге немесе әдіске байланысты таңдалды?», деп сұрады сенатор Өтешов.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыровтың айтуынша, шекті мән халықаралық тәжірибеден алынған.
«Қарау мерзімі де Қазақстанның заңнамалық тәжірибесінен алынып отыр. Бұл жерде әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көрсетілмеген уақыттан басқа мерзім бекітіліп отыр. Қаралу мерзімін ұзарту мүмкіндігі де жоқ. Соған байланысты азаматтардың арызды орналастыру құқығы сақталған деп есептейміз», – деді вице-министр.
Ілеспе заң мақұлданды
Сенатта «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңы екінші оқылымда мақұлданды.
Заң қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге және жекелеген заңнамалық актілерді «Қоғамдық бақылау туралы» негізгі заңның ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.
Жоғарыда көрсетілген ережелерді іске асыру үшін үш кодекс пен 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі:
- Су, әкімшілік рәсімдік-процестік, Экология кодекстеріне;
- «Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы»;
- «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы»;
- «Құқық қорғау қызметі туралы»;
- «Назарбаев университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы»;
- «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы»;
- «Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдары туралы»;
- «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы»;
- «Қоғамдық кеңестер туралы»;
- «Ақпаратқа қол жеткізу туралы»;
- «Табиғи монополиялар туралы» заң.