Таңқурай үшін бөлінген қаражатты жымқырғандардың 1,9 млрд теңгелік мүлкіне тыйым салынды
Таңқурайдың элиталы сортына бөлінген қаражатты жымқырған күдіктілер анықталды. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша олардан 1,9 млрд теңгені құрайтын мүлкіне тыйым салынған.
«Жамбыл облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті таңқурайдың элиталық сортын отырғызуды субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын анықтады», делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл схемамен қаражат бөлінсе де, шаруа қожалықтарының жер телімдерінде таңқурай отырғызылмаған, көшеттер де сатып алынбаған. Қылмыстық топ бұл схеманы 2 жыл қатарынан пайдаланып келген. 4 адамнан тұратын топ бұл аралықта мемлекетке 900 млн теңгеден астам шығын келтірген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 216-бабының 3-бөлігі және 218-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру 07.04.2023 жылы басталған.
Ал 12.09.2023 жылы қылмыстық іс айыптау актісімен аяқталып, негізінен қарау үшін сотқа жолданған.
Тергеу барысында барлық күдіктілер қамауға алынып, олардың жалпы құны 1,9 млрд теңге құрайтын мүлкіне тыйым салынған.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жариялауға жатпайды.
Еске сала кетсек, 15 мамыр күні Қаржы мониторингі агенттігі Жамбыл облысында 800 млн теңге субсидияға жалған шот-фактура жазғандардың ұсталғаны туралы хабарлады. Тексеру нәтижесінде фермерлерде таңқурай егістік алқаптары жоқ болып шықты. Аталған азаматтар мемлекеттен 800 млн теңгеден астам сомаға субсидия алған. Алаяқтық фактілері бойынша 4 қылмыстық іс тіркелгені айтылған болатын.