Жоғары базалық мөлшерлеме бизнеске берілетін несиеге қалай әсер етеді?

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

Ел билігі банктерді бизнеске несие беруге сан мәрте шақырғанымен, корпоративтік секторға қарыз беруде жағдай күрделі болып тұр. Бизнес те, банк өкілдері мемлекеттік бағалы қағаздар мен Ұлттық банк нотасына сұраныс жоғарылап жатқан кезеңде несие беру белсенділігі төмендегенін атап өтті. Бұның бәрі – жоғары базалық мөлешерлеменің дестимуляциялық әсерінің нәтижесі.  

Бизнеске арналған арзан несие тапшылығы мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сан мәрте көтерген. Биылғы Жолдауында:

«Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек», – дей келе: «банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру керек. Банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек. … Жалпы, нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет», – деді.

Алайда нақты жайт пен жоспар сай келмей тұр. 2023 жылдың шілдесінде корпоративтік несие портфелінің өсімі жылдық мәнде небәрі 8%-ды құраса, ал жеке тұлғаларға берілген несие 29%-ға өсті. Экономикаға берілген несие құрылымында корпоративтік несие портфелінің жеке тұлғаларға берілген несиеге қатынасы тез төмендеп жатыр: егер 2022 жылдың басында ол корпоративті сектордың пайдасына 51:49 болса, ал 2023 жылдың басында 46:54 пайызбен бөлшек сектор басым болды. Ал шілде айында корпоративтік портфель құрылымдық жағынан одан да азайып кеткен: 44:56.

Жағдайдың бұлай қалыптасуына бірнеше салмақты себеп әсер етті. Соның ішінде ең маңыздысы – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстауы. 2021 жылдың соңынан бастап 2022 жылдың соңына дейінгі кезеңде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 8 пайыздық тармаққа дерлік өсірді(9,00-ден 16,75%-ға дейін; инфляцияның 2021 жылғы шілдедегі 8,4%-дан жеделдеуі аясында 2023 жылдың ақпанында 21,3%-ға дейін жеткізді), бұл мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі мен бизнеске берілетін несиенің пайыздық мөлшерлесінің өсуіне ықпал етті.

Сонымен қатар, корпоративтік несие сегментіндегі мөлшерлеме қысқа мерзімді несие бойынша да, ұзақ мерзімді неие бойынша да өте жоғары.

Корпоративті несиелеу сегментінде пайыздық мөлшерлеме қысқа мерзімді қарыз да, да ұзақ мерзімді қарыздар бойынша өскен. Өйткені қаржы ұйымдарының пікірінше, Мемлекеттік бағалы қағаздар бойыша сыйақы бизнеске берлетін несиеден табатын табысқа негізгі балама саналады. Ад бағалы қағаздардың сыйақы мөлшерлемесі қысқа, орташа және ұзақ мерзімді бондтар бойынша өскен.

ҚР ҰБ дерегі бойынша, биыл жеті айда ҚР ҰБ ноталарының сатылымы 2,3 есе, дисконттық МБҚ (МЕУКАМ) – 7,2 есе, купондық МБҚ (МЕУКАМ) 2 есе артқан. 2023 жылғы шілдеде айналымдағы МБҚ көлемі 21,9 трлн теңгені құрады, бұл 2022 жылғы шілдемен салыстырғанда 36%-ға артық. Бұл қағаздарға БЖЗҚ, банктер, қаржы және басқа да ұйымдар қаражат салған.

Қазақстан экономикасындағы инфляциямен базалық мөлшерлеме арқылы күрес экономистер окулықта жазатындай нәтиже бермеді. Жоғары мөлшерлеме корпоративті секторға берілетін несие құбырын «бітеп» тастағанымен, жеке тұлғаларға берілетін несиенің қысқаруына ықпал ете алмады. Айталық, бөлшек несие портфелі 2022 жыл мен 2023 жылдың 7 айында ай сайын 2,5 пайыз өсіп отырған.

Бизнеске несие беру саласында жағдай қаншалықты қиын? Бұл сұраққа объективті жауапты ҰБ-ның нарыққа шолуынан табуға болады.

Ұлттық Банктің 2023 жылдың екінші тоқсан қорытындысы бойынша жасаған салалық шолуында: «Несие беру шарттары қолайсыз кәсіпорындардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі мен сауда салаларында (әрқайсысы 16,2%), ал ең азы ауыл шаруашылығы секторында (13,2%)», – делінген.

Бұндай жағдайда бизнес ақшаны өз ішкі ресурсынан іздейді: «Негізгі құралдарды қаржыландыруды жүзеге асырмаған кәсіпорындардың үлесі 31,4%-ға дейін төмендеді, негізгі құрал жабдықтарын меншікті қаражаты есебінен қаржыландырған кәсіпорындардың үлесі 66,4%-ға дейін өсті. Бұрынғыдай, кәсіпорындардың көпшілігі негізгі құрал-жабдықтарынжәне айналым қаражатын қаржыландыру үшін меншікті қаражатын пайдаланады (тиісінше 66,4% және 86,4%)», – делінген құжатта.

Егер тек нақты секторға назар аударар болсақ, банктердің бұл салаға несие беруі болжамды түрде қысқарады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2023 жылдың екінші тоқсанында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарға жүргізген сауалнамасының нәтижесінде МҚҰ мен банктердің өндірістік секторды қаржыландыруы 7 пайыздан төмен екені жазылған. «Айналым қаражатын қаржыландыру үшін кәсіпорындардың көпшілігі (86,3%) меншікті қаражатын пайдаланды, оның 43,1%-ын пайда және 43,2%-ын акционерлердің қатысушылардың меншікті қаражаты құрады. Осы мақсатта қарыздарды кәсіпорындардың 14,9%-ы пайдаланды (оның 8,1%-ы бұрын ашылған кредиттік желі бойынша траншты, 6,8%-ы – Қазақстан банктеріндегі және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздарды пайдаланды)Графикте көрсетілгендерден басқа қаржыландырудың өзге көздерінің ішінде кәсіпорындар сатып алушылардан аванстарды, қаржылық көмекті, топішілік қарыздарды (негізгі компания мен филиалдар арасындағы) және субсидияларды көрсетті», – дейді Ұлттық банк.

«Мониторингке қатысушылар алған кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлемелер теңгемен 17,1%-ды, шетел валютасымен 7,7%-ды құрады (өткен тоқсанда тиісінше 16,7% және 6,7%). Кәсіпорындардың пікірі бойынша, олар үшін теңгемен берілген кредиттер бойынша қол жетімді пайыздық мөлшерлеме 6,8%-ды, ал шетел валютасындағы кредиттер бойынша – 3,0%-ды құрайды», делінген шолуда.

Банктер де теріс үрдісті атап өтеді. ҰБ шолуында заңды тұлғалардан несиеге келіп түскен өтініштердің саны 26%-ға қысқарғанын көрсетеді. «Респонденттердің пікірінше, өтінімдердің азаюы негізінен Ұлттық жобаның екінші бағыты бойынша есепті тоқсанның соңына қарай қаржыландырудың тоқтатылуының салдары болып табылады (2023 жылға жоспарланған және бөлінген қаражат көлемі игерілді)»,- деп атап көрсетеді баяндама авторлары.

12 қыркүйекте бизнес өкілдерімен сөйлеген сөзінде Президент Тоқаев «кәсіпкерлер тапқан-таянғанын өз бизнесіне қайта инвестициялап жатқанын» тағы да еске салды.

«Нәтижесінде біз жаңа өндірістік қуат, жұмыс орындары және бюджеттік кірістен айырылып отырмыз», – деді мемлекет басшысы.

Дегенмен, қазіргі жағдайдың өзгеру жылдамдығы Ұлттық Банктің ақша-несие саясатын жұмсартуды қаншалықты жылдам бастайтынына тікелей байланысты. 2023 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша елдегі жылдық инфляция 13,1% болса, базалық мөлшерлеме 16,5%-ды құрады. Қазақстанмен шекаралас елдерінің ешқайсысында мұндай жоғары көрсеткіш жоқ. Ал Еуропа мен Орталық Азия аймағында тек соғыс жағдайындағы Украина (20,0%) және инфляциялық дауылды бастан өткеріп жатқан Түркияның (25,0%)  орталық банктері базалық мөлшерлемені жоғары ұстап отыр.

Доллар/ теңге жұбындағы тұрақты айырбастау бағамы аясында (2023 жылы теңге негізінен нығайды, бірақ қыркүйектің ортасында ол қаңтар айындағы құнына дейін 2%-ға төмендеді), рубль құнсызданды, бұл Ресей Федерациясынан келетін тауарлар импортының арзандауына алып келді. Бұл Қазақстан Республикасындағы инфляциядан да көрініс тапты: 2022 жылғы желтоқсанда тұтыну бағасы 6,6%-ға ғана өскенін көрсетті, ал азық-түлік тауарларының бағасы басқа құрамдас бөліктерге қарағанда баяу өсті. Басқаша айтсақ, Қазақстанның ақша-несие саясаты тым қатаң.

Ал қатаң ақша-несие саясаты жағдайында экономикалық агенттердің (мемлекеттік болсын, жеке болсын) нақты секторға инвестиция салуға ынтасы азаяды. Алдағы уақытта бұл инвестиция ағынының азаюына әкеп соғады. Инвестиция қарқыны азайған соң, Президент Тоқаев айтқан жыл сайынғы 6-7 пайыз экономикалық өсімге де қол жеткізе алмаймыз.

Сондай-ақ оқыңыз