Жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша ҰЭМ барлық ұсыныстарға ашық – Қуантыров

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексін әзірлеуге қатысты барлық мүдделі ҚҚС (қосылған құн салығы) мөлшерлемесін талқылауда ұсыныстарға әрқашан ашық. Бұл туралы ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, ҰЭМ салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев және бизнес-қоғамдастық өкілдері, атап айтқанда машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, сүт, тау-кен, металлургия, астық, электр энергетикасы, алкоголь және темекі өндіру салаларында жұмыс істейтін компаниялар ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесін талқылады.

«Біздің Министрлік ұсыныстарға әрқашан ашық…. Біз бизнес саласында ҚҚС-ты көтеру бойынша сұрақтар туындап жатқанын түсінеміз. Сондықтан барлық айтылған идеялар мұқият қарастырылады», – деді министр.

Талқылау барысында «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдері атап өткендей, ҚҚС мөлшерлемесінің жоғарылауы инфляциялық процестерге әсер етеді.

Райымбек Баталовтың сөзінше, бұл мәселе егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді және қазіргі уақытта жаңа Салық кодексінің барлық мәселелерінің ішіндегі ең маңыздысы.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар негізгі тәсілдерді, сондай-ақ қаржылық-экономикалық есептерді бірлесіп пысықтау туралы уағдаласты. Жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау бойынша кездесулер жалғасатын болады.

«Атамекен» ҰКП сарапшыларының елімізедгі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін өсіру инфляцияның жоғарылауына әкеп соғуы мүмкін деп қауіптенетінін бұған дейін де жазған едік.

Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынды.

Кодекстің жаңа жобасы 2024 жылдың бірінші тоқсанында парламент талқысына ұсынылады деп жоспарланған. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-тың минималды шегі 20 мың АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) болып бекітілген еді.

Жақында Ұлттық экономика министрлігі «Ашық НҚА» порталында консультативтік құжат жариялады. Құжат барысында қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру, корпоративті табыс салығының әртараптандырылған ставкасын енгізу, жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкаланы енгізу (тапқан табысына орай салық бөлінісін әділ қамтамасыз ету), арнайы салық режимін реформалау, табак өнімдеріне акциз ставкасын кезең-кезеңімен арттыру, жер және мүлік салығы мәселелері қарастырылған.

Министрліктің өкілдері ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. Бұл мөлшерлеме 2025 жылдан бастап қолданылады деп күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз