АҚШ Қаржы министрі Ресей активтерінен түсетін пайдаға табыс салығын енгізуді қолдады
фото: ura.news
АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен Еуропалық Одақтың Ресей активтеріне қарсы саясатына қатысты пікір білдірді. Ол бөгет қойылған Ресей активтерінен түскен пайдаға салық салу жоспарын қолдап, бастаманы Украинаны қалпына келтіруді қаржыландыруға көмектесудің «ақылға қонымды» тәсілі деп атады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
«Бұл ақылға қонымды ұсыныс сияқты. Бұл активтерді тәркілеумен бірдей ұстаным емес», – деді ол Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Йеллен АҚШ-тың мұндай салық барысын Еуропалық Одақпен талқылап жатқанын айтты.
Агенттіктің хабарлауынша, АҚШ Қаржы министрлігінің бұрынғы басшысы (1999-2001) Лоуренс Саммерс ресейлік активтерді толық «қыспаққа алудың» заңды негіздемесі бар екенін айтты. Дегенмен «бөгет қойылған активтердің» зиянын айтып, әлемдік экономикаға кері әсер ететіндігін талдап жатқандар да жоқ емес.
Financial Times газетінің ақпаратына сәйкес, Еуропалық орталық банк ЕК өкілдеріне бұған қатысты арнайы үндеу тастаған. Ресейлік активтерді Украинаның пайдасы үшін ішінара тәркілеу әлемдік қаржы нарықтарын шайқалтатынын хабарлаған.
Еске сала кетейік, АҚШ Сенаты 2022 жылдың желтоқсанында ресейлік кәсіпкерлерден тәркіленген активтерді кәдеге жарату жағын қарастырып жатқанын бұрын да сөз еткенбіз. Олар «бөгет қойылған активтерді» Украинаға қарай бағыттап, гуманитарлық және әскери көмек есебінде жіберуге болатынын жиі айтып жүр. Мысалы, 7 қыркүйекте АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ресейлік кәсіпкерлерден тәркіленген 5,4 миллион доллардың Украина ардагерлерін қолдауға жұмсалатынын жеткізген-тұғын.