Назарбаев тағы бір мәртебеден айырылды: «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медалі енді – «Абыройлы қызметі үшін» беріледі
Қазақстанда мемлекет басшысына тікелей есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың наградаларына қатысты Президент Жарлығына өзгерістер енгізілмек. Осыған байланысты олар кейбір медальдардың атауларынан Елбасы мәртебесін алып тастауды жоспарлап отыр.
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.
Атап айтқанда, «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медалін «Абыройлы қызметі үшін», ал «Елбасы қорғаны» наградасын «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің құрметті қызметкері»» деп өзгерту ұсынылады.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 8 маусымдағы Заңына сәйкес, сондай-ақ ведомстволық наградаларын оңтайландыру жөніндегі 2022 жылғы 24 қарашадағы ведомстволық наградалардың атауларын, медальдар мен төсбелгілердің эскиздерін өзгерту үшін әзірленді», – делінген құжат түсіндірмесінде.
Бұл өзгерістерді талқылау 5 қазанға дейін жалғасады.
2022 жылы 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты республикалық референдум өтті. Қазақстандықтар дауыс берген маңызды өзгерістердің бірі – Негізгі заңнан Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау болды. Түзетулер сонымен қатар бірінші президент отбасына берілген артықшылықтарды алып тастайды.
Қаңтар айында Тұңғыш Президент Кеңсесі 2023 жылға арналған шығынын 708,9 млн теңгеден 591,2 млн теңгеге дейін қысқартты.
15 ақпанда мемлекет басшысының жарлығымен «Елбасы туралы заң» ресми түрде күшін жойған болатын.
Наурызда Президенттердің отбасы мүшелері Ұлттық пантеонда жерленбейтіні белгілі болды.
Сонымен қатар енді Мемлекеттік күзет қызметі Назарбаевты қорғамайды. Мұндай өзгеріске «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылуы себеп болған.
29 маусымда Сенат депутаттары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.