Әлия Назарбаева сот алдында жауап беріп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі керек, дейді депутат Ерлан Саиров. Конституция алдында барлық азаматтардың тең екенін алға тартқан ол, экс-президенттің қызының «ӨКМ операторындағы» қаражатты жымқыруға расымен қатысы бар болса, заң алдында жауап беруі міндетті деп санайды.
«Қазақстан Республикасының 14 бабында «Заң және сот алдында азаматтардың барлығы тең» деп жазылған. Бүгінгі таңда біз осы Конституциялық норманың Қазақстанның түкпір-түкпірінде және барлық кабинеттерінде жүзеге асуын қамтамасыз етуіміз керек. Сол кезде ғана құқық саласында әділеттілік орнайды. Енді бұл мәселені біз ашық айтпасақ, онда елімізде құқық саласында ешқандай прецедент болмайды. Біз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық, бүкпесіз айтып үйренуіміз керек деп ойлаймын», дейді депутат.
Депутат Бас прокуратураның бұл мәселеге назарын аудару мақсатында сауал жолдағанын айтты. Алайда Әлия Назарбаеваны жауапқа тарту оңай болмайтын секілді. Өйткені бұл істің артында қандай күштердің тұрғанын Заң органдары тұрмақ, қарапайым ауыл қазағы да жақсы біледі. Осы орайда қазіргі айтылып жатқандардың барлығы желге айтылғанмен тең деген долбарымызға Ерлан Саиров былай деп жауап берді:
«Айттым ғой, Конституциялық принцип бойынша заң алдында Қазақстанның барлық азаматтары тең. Сондықтан да сотта куәгерлер осы азамат, яғни Әлия Назарбаева қаржының барлығын алды деп айтып жатса, онда Әлия Назарбаева келіп, сот алдында, тергеу алдында міндетті түрде жауап беріп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі қажет. Менің ойымша, бұл ешқандай бір артық айтылған сөз емес. Бұл – заң. Осы заңды Қазақстанның барлық азаматтары орындауы қажет деп есептеймін. Ол – малшының баласы болсын, мұғалімнің баласы болсын, әкім-шораның баласы болсын, бұрынғы мемлекет басшысының баласы болсын заң алдында барлығымыз теңбіз! Міне, біз осы принципті ұстануымыз керек», деді.
Жаңа Қазақстан мен ескі Қазақстан өкілдері арасындағы күрес теңсіздік жағдайында жүріп жатқаны барлығымзға аян. Ескі Қазақстан өкілдерінің әлеуеті зор, құрығы да әлдеқайда ұзын. Десе де, депутат жағдайдың күрделілігіне қарамастан, Жаңа Қазақстанның принциптері үшін күресуге болады деп санайды.
«Жаңа Қазақстанның да, Ескі Қазақстанның да азаматтары осы Қазақстан республикасының азаматтары. Жаңа Қазақстан дегеніміз – саясаттағы, құқық саласындағы жаңа принциптер. Міне, сол жаңа принциптер үшін кұресуіміз керек. Депутаттар осындай мәлімдемелерімізбен, көтерген мәселелерімізбен осы Жаңа Қазақстан үшін күресіп жатырмыз деп ойлаймын», дейді Ерлан Саиров.
«Әлия Назарбаева жауапқа тартыла ма, куәгерлердің сөзі ескеріле ме?» деген сауалымызды Бас прокуратураның баспасөз қызметіне біз де жолдадық. Алайда мақала дайындалып жатқанда құзырлы органнан жауап келмеді.
Еске сала кетсек, мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бірнеше күні бұрын Атырауда өткен «Аманат» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық кеңесінің көшпелі отырысында, «ӨКМ Операторының» сот ісінде куәгерлердің оператордың соңғы бенефициары ретінде Әлия Назарбаеваны көрсетіп жатқаны туралы мәлімдеді.
Саиров партия құрамында белгілі заңгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, парламент депутаттары бар екенін айта келе, өңірлердің проблемаларына ғана емес, қоғамда кеңінен талқыланып жатқан резонанс тудыратын мәселелерге де назар аударған маңызды екенін атап өтті.
«Әділетті Қазақстан шындыққа және заңды қатаң сақтауға негізделген. Барлығы заңға сәйкес болуы керек. Баршамызға белгілі, жақында «ӨКМ операторы» деп аталатын ұйымның бірқатар басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот процесінде көптеген куәгерлер сыбайлас жемқорлық арқылы табылған қаражаттың түпкілікті пайда алушысы Әлия Назарбаева екенін көрсетті. Бірақ сот та, Бас прокуратура өкілдері де процесс барысында бұл азаматтардың уәжіне назар аудармады.Егер адал қоғам құрғымыз келсе, әрбір азамат сотқа жүгініп, өзінің кінәсіздігін дәлелдеуі керек», деді депутат.
Жалпы, «ӨКМ операторына» қатысты сот бойынша компания басшылары мен бұрынғы экология вице-министрі сотталды. 2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құрманғалиев қылмыстық кодекстің189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 24-бабының 3-бөлігінде жасалған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Ахметжан Пірімқұлов қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 189-бөлігі 4-бөлігінің 2-тармағы, 24-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 5-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет ете алмайды.
Кейін Медет Құмарғалиевтің әкесі Құмарғали Смағұлов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап хат жолдады. Ол істің әділетсіз жүргізілгенін айтып, сот үкімін назарға алуды сұрады. Құмарғалиевтің әкесі заңсыз үкім шығаруға шынайы қылмыскерді бүркемелеу, халықты тыныштандыру мақсатында басқа адамды қамау себеп болғанын айтты.
Ал 22 қыркүйек күні Астанада сот алқасы «ӨКМ Операторы» ісі бойынша шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.