Мас күйінде көлік жүргізген депутат мандатын тапсыруға өтініш білдірді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сәния Мұратова мас күйінде көлік жүргізгені белгілі болған соң мандатын тоқтатуға өтініш білдірген.

«Депутат Мұратова аумақтық сайлау комиссиясына өкілеттігін тоқтату туралы арыз жазды. Қолданыстағы тәртіп бойынша аумақтық комиссиядан мәслихатқа хат келіп түсті. Өтініш бойынша шешім мәслихат сессиясында қабылданады», деді қалалық мәслихаттың төрайымы Анар Даржанова

Осыдан бірнеше күн бұрын Ақтөбе қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі Баишев көшесінде тәртіп сақшылары 53 жастағы әйел басқарған Lexus көлігін тоқтатқанын хабарлаған.

Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі шыққан. Кейін тексеру жүргізіліп, Lexus жүргізушісі шынымен де, көлік жүргізіп келе жатқанда мас болғаны анықталған. Көлікті мас күйінде жүргізгені үшін материалдар сотқа жолданған.

Ол ақпаратта жол ережесін бұзған әйелдің 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін екендігі айтылған.

Кейін мұндай заң бұзушылықпен ұсталған адам қалалық мәслихатының депутаты Сәния Мұратова екені белгілі болды. Мәслихатта әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі болған.

20 қыркүйектегі мәлімет бойынша, әкімшілік сотта бұл іс бойынша әлі шешім шығарылмаған.

Сания Мұратова – отбасылық кәсіппен айналысады. Оның Life Style фитнес орталығы бар.

Еске сала кетсек, көктемде Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинская әлеуметтік желідегі пікірі үшін депутаттық мандатынан босатылған болатын. Ол өз жазбасында Зеленскийге Қырымның орына Түркияға шабуылдауға кеңес берген.

Сондай-ақ оқыңыз