Мұнай бағасы барреліне 120 долларға дейін көтерілуі мүмкін – JPMorgan сарапшылары
ОПЕК+ кіретін елдерден тасымалданатын мұнай көлемінің қысқаруына байланысты, мұнай бағасы барреліне 120 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл жайлы JPMorgan сарапшылары айтты.
Сарапшылар мұнай бағасы соңғы айда 27 пайызға өсіп, барреліне 95 доллардан асып кеткенін атап өтті. Оған ОПЕК+ елдеріндегі сұраныстың артуы да, мұнай өндірісінің айтарлықтай төмендеуі де себеп болған.
JPMorgan болжамынша, ОПЕК+ көшбасшылары мұнай жеткізуді одан әрі қысқарта түседі. Бұл 2023 жылдың екінші жартысында бағаның 120 долларға дейін көтерілуіне әкелуі мүмкін. Бағаның бұлайша секіруі алдағы тоқсанда әлемдік экономикалық өсімнің толық дерлік тоқтауына әкеледі, деп ескертеді сарапшылар. Мұндай күйзеліс әдетте құлдырау алдында байқалады.
Мұның алдында Morgan Stanley де нарықтағы тапшылық салдарынан 2023-2024 жылдары мұнай бағасының жоғары болатынын болжады. Дегенмен, олар мұнай бағасының барреліне 100 доллар белгісіне дейін көтеілуін тым қымбат деп санайды. Өз кезегінде Goldman Sachs та сұраныстың артуы және ОПЕК+ елдерінің өндірісті азайтуы аясында бағаның 100 долларға дейін өсуін болжады. Ал Citigroup керісінше басқа елдерде өндірістің артуы бағалардың түсуіне әкеледі деп санайды.
Еске сала кетсек, сәуірдің басында ОПЕК+ құрамындағы Ресей мен Сауд Арабиясы сынды бірқатар мемлекет «мұнай нарығының тұрақтылығын қолдауға бағытталған алдын алу шарасы ретінде» мамыр айынан бастап жыл соңына дейін мұнай өндірісін қысқартатынын мәлімдеді.
ҚР Энегетика министрлігі Қазақстан мамыр айынан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 78 мың баррельге дейін қысқартатынын мәлімдеді.
ОПЕК құрамына кірмейтін елдерде мұнай өндірісі артады деп болжанған. ОПЕК мәліметі бойынша, бұл елдерде сұйық көмірсутек өндірісі тәулігіне 1,4 миллион баррельге артып, орта есеппен тәулігіне 67,2 миллион баррель дейін жетпек. Бұл көрсеткіш бұрынғы болжамнан тәулігіне 20 мың баррельге артық.
Жалпы ОПЕК-ке кірмейтін елдердің ішінде Қазақстан өндірісті тәулігіне 78 мың баррельге, Оман – 40 мың баррельге қысқартпақ. ОПЕК елдерінен: БАӘ – тәулігіне 144 мың баррель, Кувейт – 128 мың баррель, Ирак – 211 мың баррель, Алжир – 48 мың баррельге қысқартқан. Әр елдің қысқарту жоспары шамамен ОПЕК+ елдерінің өндірісті тәулігіне 2 миллион баррельге қысқарту туралы квотасына сәйкес келеді.