«Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясына тиесілі екі сүйреткіш кеме – «Талас» және «Ембі» – Парсы шығанағына шықты. Оларды қазақстандық компания БАӘ компаниясына 3 жылға жалға беріп отыр. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» хабарлады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Abu Dhabi Ports Group (БАӘ) арасындағы ынтымақтастықты кеңейту аясында қос компанияның еншілес мекемелері – «Қазақтеңізкөлікфлоты» мен OFCO Offshore International қазақстандық сүйреткіш кемелерді жалға беруге үш жылдық келісімшарт жасасты», делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, қазақстандық экипажбен бірге бұл екі кеме Каспий теңізінен Ресейдің су жолдары, Түрік бұғаздары, Суэц каналы мен Аден шығанағы арқылы 52 күндік сапар шегіп, 5000 теңіз милін (шамамен 9500 км) еңсеріп, Парсы шығанағына жеткен.
Буксирлер Абу-Даби өңірінің оффшор жобаларына жұмылдырылады. Жақында «Ырғыз» сүйреткіші де сонда жөнелтіледі.
«Буксирлерді жалға беру «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясына Парсы шығанағының теңізде қызмет көрсету нарығына шығуға, табысын арттыруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», делінген ақпаратта.
«ҚазМұнайГаз» бен AD Ports Group-тың тағы бір еншілес компаниясы «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» біріккен кәсіпорны 2023 жылдың соңына дейін үш танкермен толықтырылады. Болашақта мұндай танкерлер санын 10-ға жеткізу жоспарланғанын жазған едік.
2023 жылдың ақпанында құрылған «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы (ҚМГ-ның 100% еншілес ұйымы) және AD Ports Group (БАӘ) бірлескен кәсіпорны – Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd дедвейті 8 мың тоннаға жететін екі жаңа Taraz және Liwa танкерлерін сатып алғанын жазған едік.
«Біздің республика мен БАӘ паритетті негізде Ақтау-Баку теңіз жолы бойынша мұнай тасымалдайды. Алынған екі танкер Қазақстаннан жылына 750 мың тонна мұнай тасымалдау жөніндегі міндеттемелерін толық өтейді», деп хабарлаған болатын компания.
Еске сала кетсек, осыған дейін Bloomberg Қазақстанның «Қазмұнайгаз» мемлекеттік компаниясының Ресейді айналып өту үшін теңіз арқылы мұнай тасымалдауға танкерлер сатып ала бастағанын жазды. Өз кезегінде «Қазмұнайгаз» басшысы танкерлердің көбеюін Украинадағы соғысқа еш қатысы жоқ екенін, бұл компанияның органикалық өсімі екенін айтты.
AD Ports Group – Біріккен Араб Әмірліктерінің порты, өнеркәсіптік және логистикалық операторы, Абу-Дабидің әртараптандырылған экономикасының негізгі секторларын қамтитын ірі кәсіпорындардың кең портфолиосы бар аймақтағы ең ірі холдингтік компаниялардың бірі. Порттарды, өнеркәсіптік қалаларды және еркін аймақты, теңіз, логистика және цифрлық технологияларды қамтитын бірнеше кластерлерді басқарады.
«Қазтеңізкөлікфлоты» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100% еншілес ұйымы. Компания – Қазақстандағы ең ірі флот және елдегі танкерлер, буксирлер, сондай-ақ габаритті емес жүктерді тасымалдауға арналған кемелер мен әртүрлі мақсаттағы баржаларға ие. Ол Каспий теңізінің суларында және Қара және Жерорта теңіздерінің суларындағы бағыттар бойынша мұнай тасымалдайды.