Қазақстан мен Сейшел аралдары визасыз режим туралы келісімге қол қойды

Жарияланды

Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының аясында Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және Сейшел аралдарының Сыртқы істер және туризм министрі Сильвестр Радегонд екіжақты қатынастарды дамыту және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдар бойынша келіссөздер жүргізді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

М.Нұртілеу Қазақстанның Африка елдерімен ынтымақтастығының өсіп келе жатқан маңыздылығын атап өтті. Ол екіжақты негізде және көпжақты бірлестіктер шеңберінде өзара қызығушылық тудыратын салаларда қазақ-сейшел ынтымақтастығын дамытуға бірлескен күш-жігер жұмсауға дайын екенін растады.

 Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сейшел Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды. Ол әрбір жарты жылда 30 күнтізбелік күнге дейін кіру кезінде паспорттардың барлық түрлері үшін визалық талаптардың күшін жоюды көздейді. Аталған Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен кейін 30 күн өткен соң күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз