Қазақстан мен Түркия арасында кедендік бақылау рәсімдері жеңілдейді
Қазақстан мен Түркия арасында кедендік бақылау рәсімдері жеңілдейді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – деп жазды Ақорданың ресми сайты.
Келісім тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары бойынша мәліметтерді электрондық алмасу арқылы кедендік бақылауды жүргізудің тиімділігін арттыру және мерзімдерін қысқарту мақсатында жасалды.
Сенат депутаттары 7 қыркүйекте заңды мақұлдады. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң Кедендік бақылауды жүргізудің тиімділігін арттыруға және мерзімдерін қысқартуға бағытталғаны хабарланды.