Бірінші жартыжылдықта 500 млн доллардан асатын сомаға экспорттық келісімшарт жасалды — Сауда министрлігі

Жарияланды

Қазір Қазақстан шекара маңындағы сауданы дамыту үшінтрансшекаралық хаб құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты, деп хабарлады kursiv.media.

«2023 жылдың қаңтар-шілдесінде Қазақстанның шикізат емес тауарлары айналымы 46,7 млрд доллар болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,7%-ға көп. Биыл 7 айда шикізат емес тауарлардың экспорты – 14,2 млрд доллар болды. Қызметтер экспортының көрсеткіші – 2,1 млрд доллар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7%-ға өсті», – деді Қайрат Төребаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Шикізат емес тауарлардың үздік үштігіне мыс пен мыс катодтары (олардың үлесі 12,9%), ферроқорытпалар (10,2%), уран (9,4%) енген.

Министрдің орынбасары экспорт географиясы кеңейгенін жеткізді.

«Негізгі нарықтар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланды болып саналады. Еуропалық одақ елдеріне, Қытайға және Орталық Азия елдеріне жеткізілімнің айтарлықтай өсуі тіркелді», – деді ол.

Қайрат Төребаевтың айтуынша, экспорттаушыларды қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларын ұсыну бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қазір 100-ден аса компания халықаралық сауда іс-шараларына қатысты: 7 елдегі сауда миссиясы, Қытайдағы халықаралық көрме. Биыл бірінші жартыжылдықта мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 500 млн доллардан асатын сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды. Экспортты ілгерілету экожүйесін жақсарту бөлігінде белсенді заңнамалық жұмыс жүргізілуде», – деді вице-министр.

Ол президенттің Жолдаудағы тапсырмасына да тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев KazakhExport компаниясының базасында барлық қажет құралды шоғырландырып, экспортты ілгерілетудің толық институтын құруға назар аударды. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі экспорттық-кредиттік агенттік мәселелері бойынша заңының жобасын әзірледі», – деді Қайрат Төребаев.

Оның айтуынша, заң жобасы экспорттық-кредиттік агенттіктің (ЭКА) арнайы құқықтық мәртебесін құруға бағытталады.

«Ол сақтандыруға және қайта сақтандыруға лицензиясыз әрекет ететін ЭКА қолында шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруге мүмкіндік береді.

Біз Ресей, Венгрия, Канада, Аустралия және Үндістандағы экспорттық несие агенттіктерінің халықаралық тәжірибесін талдадық. Бұл ЭКА экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асыратынын көрсетті», – деді вице-министр.

Сондай-ақ Қайрат Төребаев шекара маңындағы сауданы дамыту үшін трансшекаралық хаб құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Трансшекаралық хабтар жүйесін құру арқылы шекара маңы елдерімен бірлесіп, жаңа өндірістер құру, өнеркәсіптік кооперация мен көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді. Бұл төмендегі мақсатты көздейді:

1) Экономиканың өнеркәсіптік секторын орнықты дамыту саласындағы мақсаттарға қол жеткізу, халықтың әл-ауқатын арттыру;
2) Өндірісті, сондай-ақ логистиканы дамыту үшін заманауи инфрақұрылымды құру және дамыту;
3) Өңіраралық және халықаралық көлік-экономикалық байланыстарды кеңейту;
4) Елімізде қолайлы индустриялық ахуал жасау және ұлттық экономиканың өзін өзі қамтамасыз етуін арттыру;
5) Инвестициялық ахуалды жетілдіру және қосылған құны жоғары отандық тауарлар мен қызметтердің экспорттық әлеуетін дамыту;
6) Өз өндірісін дамыту арқылы импортқа тәуелділікті азайту.

«Бұл шаралар экспорт көлемін едәуір арттыруға және қазақстандық тауарларды жеткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы шикізаттық емес экспортты ұлғайту елдің төлем балансына оң әсер етеді», – деп сөзін түйіндеді ол.

Сондай-ақ оқыңыз