Шілде айында өртке оранған «Ертіс орманында» ағаштар заңсыз кесілген: оған басшылардың қатысы болуы мүмкін
Фото: Ашық дереккөзден
Ерекше қорғалатын «Ертіс орманында» ағаштар заңсыз кесілген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми ақпарат порталы хабарлады.
«Павлодар облысының полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Ертіс орманы» ерекше қорғалатын аумағынан орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді», деп жазады басылым.
18 қыркүйекте облыстық прокуратураның үйлестіруімен «Ертіс орманы» резерваты бойынша ауқымды операция жүргізілген. Полиция қызметкерлері «Ертіс орманы» РММ-де, Шалдай және Бесқарағай орманшылығында, сондай-ақ бірқатар басшылардың тұрғылықты жері бойынша 20-ға жуық санкцияланған тінту іс-шараларын жүргізген. Тінту кезінде құжаттамадан басқа атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.
«Қазіргі уақытта ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болжамды мәліметтер бойынша орманды заңсыз кесуге «Ертіс орманы» РММ-нің лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін», делінген ақпаратта.
Еске сала кетсек, биыл шілде айында «Ертіс орманы» резерватында өрт шығып, жалпы 850 гектар болатын аумақ өртеніп кеткен болатын.
Ал 17 шілде күні жағдайдың ушығуына байланысты Павлодар облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.