Илон Маскқа Қазақстан нарығы қызықсыз ба?

Жарияланды

Америкалық кәсіпкер және миллиардер Илон Маск өткен аптада Нью-Йоркта Түркия президенті Реджеп Тайып Эрдоғанмен кездесті. Жаңалық жаршылары жарыса жазған кездесуге ол өзінің кенже ұлымен барған және Анадолы елінде атақты Tesla зауытын салу мәселесін талқылаған. Бұған дейін Маск Қытай, Монғолия, Сауд Арабиясы басшыларымен кездескен болатын. Маск барлығымен бірлескен жобаларды талқылап, ортақ кәсіп жүргізу бойынша келіссөздер жүргізуге уағдаласты. Әрине бұл мемлекеттердің барлығында бірдей зауыт ашып, кәсіп бастап кетпес. Алайда Масктің бұл әрекеті үлкен жоспарын жүзеге асыруға қолайлы ел іздеп жүргендей көрінеді. Бұл ретте туындайтын сауал – SpaceX негізін қалаушы әрі иесі, қалталы инвестор Илон Маск неге Қазақстанға келмейді? Кенге бай елімізде аккумулятор өндіріп, Tesla шығаруға не кедергі? Орталық Азиядағы қай ел осындай миллиардерлерге тартымды? Осы сауалдардың жауабын АҚШ-та тұрып жатқан танымал сарапшы, DAMU Capital Management компаниясының бас директоры Мұрат Қастаевтан сұрадық.

Экономист SpaceX директоры елімізге қызықпайды деп есептейді. Оның пайымынша Орта Азия нарығы электркөліктері үшін тым шағын, халықтың әл-ауқаты да жоғары емес.

«Қытайда Tesla автокөліктеріне сұраныс жоғары, Масктың Шанхай қаласында ірі өндіріс зауыты бар. Ресей нарығы қазір оған қызықсыз. Сондықтан бизнес құру үшін Қазақстан да оған қызық емес. Ал Түркия нарығы ауқымды, сонымен қатар Еуропаға жақын, Сауд Арабиясы Таяу Шығыс елдерінің орталығы, араб елдері өте бай, ірі және экономикалық жағынан ыңғайлы нарық», – деп түсіндірді маман.

Мұрат Қастаевтың ойынша, біздің ел Маск үшін инвестициялық тұрғыдан тартымды емес. Сарапшы бұған валютамыздың тұрақсыздығы, жалпы экономикамыздың мұнайға тәуелділігі ықпал етеді деп есептейді. Тағы бір фактор – Ресеймен көршіміз.

«Осының бәрі біздің осал тұсымыз болып есептеледі. Қазақстан Еуразиялық Одақ құрамында, оған мүше болмайтын Өзбекстанмен ашық сауда мүмкіндігі жоқ. Бұл да бір мәселе», – дейді экономист.

Бұған қоса сарапшы «қаңтар оқиғасы» инвесторларға қатты әсер еткенін айтады.

«Алайда кейін өткен референдум, Парламент пен Президент сайлаулары еліміздің ішкі саяси жағдайы біршама тұрақталғанын көрсетеді және Президент Қосым-Жомарт Тоқаев басқа қырын ескермесек те, сыртқы саясаттың маманы, нағыз дипломат, осының нәтижесінде әлемнің алпауыт елдерінің барлығымен жақсы қарым-қатынас орнатып, достық қатынасты сақтай білді. Инвесторлардың көзқарастарына теріс ықпал ететін тұсымыз –  валютамыздың тұрақсыздығы, еліміздің экономикасының шағын және «ашықтығы», Еуразиялық одақтың құрамында – дербес экономикалық және сауда саясатын жүргізу мүмкіндігінің шектелуі. Тағы бір жайт – ішкі нарықты қорғауға мүмкіндік бермейтін нақты әрі шынайы саяси реформалардың жоқтығы», – деді Мұрат Қастаев.

Орта Азияда инвесторлар тарту бойынша Өзбекстанды мысалға алуға болады. Мәселен, былтыр мұнда әлемге танымал Nike-тың зауыты іске қосылды. Тағы Colin’s, Gloria Jeans, Befree сынды масс-маркет брендтерінің киімдері тігіледі. Ресми деректерге сәйкес, Apple, Netflix, Google Commerce, Google Ireland, Google Voice, Samsung Electronics, Sleverbridge, Xsolla, Activision Blizzard International және Primknul Apple Distribution International компаниялары былтыр Өзбекстанда салық төлеуші ретінде тіркелген.

«Өзбекстан инвесторларды тартуда Қазақстанды қуып жетіп, кейбір тұрғыдан озып бара жатқан да шығар. Өзбекстанның артықшылықтары – бізге қарағанда халқы екі есе көп, саны да, табысы да тез өсіп келе жатқан ел. Ішкі нарығы тез ұлғайып келеді. Сонымен қатар, Өзбекстан саяси және экономикалық реформалардың ең басында, яғни олардың экономикасы тез қарқынмен шарықтап өсетін жылдары әлі алда. Олардың тағы бір артықшылығы – Өзбекстан ешқандай саяси және экономикалық одақтарға мүшелік етпейді. Сыртқы саясаты, экономикалық және сауда саясаты толық тәуелсіз, керек кезде ішкі нарығын қорғай алады», – дейді Өзбекстанға қатысты пікірін ортаға салған сарапшы.

Өзбекстан сыртқы инвесторларды тартуға мүдделі және оларға барлық жағдай жасайды. Бұл жағы Қазақстанда қалай?

«Елімізде қалталы ішкі элита қалыптасты, көп салада өзіміздің инвесторлар, олигархтар сыртқы инвесторлардың келуін қаламайды, ал оған қарамай келген инвесторлардың өзін біздің шенеуніктер қолдай бермейді. Сондықтан, шыны керек, дәл қазір Өзбекстанға инвестиция салудың болашағы бізге қарағанда жарқын сияқты көрінеді», – дейді экономист.

Илон Маск –  америкалдық кәсіпкер, инженер және миллиардер. SpaceX компаниясының негізін қалаушы, бас директоры және бас инженері. Сонымен қатар ол инвестор, Tesla компаниясының бас директоры және өнім сәулетшісі. Сондай-ақ,  The Boring Company негізін қалаушы, Neuralink және OpenAI негізін қалаушы. 2022 жылы 44 миллиард долларға Twitter әлеуметтік желісін сатып алды.

Bloomberg рейтингінде әлемдегі ең бай 500 адамның тізімінің басында осы Маск тұр.

SpaceX және Tesla компаниялары басшысының байлығы 247 миллиард долларға бағаланады. 2023 жылдың басынан бері Tesla акциялары 66%-ға қымбаттады. Bloobmerg сарапшылары мұны компанияның электромобильдеріне сұраныстың артуымен байланыстырады. 31 мамырдағы сауданың жабылуында компания бір акциясының бағасы 203,93 доллар болды.

Сондай-ақ оқыңыз