Фото: kursiv.media
ҚазТАГ ақпараттық агенттігі «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мен «Қазақстанның Даму банкімен» (ҚДБ) бірігетінін өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып хабарлаған болатын. Алайда банк акционері – «Бәйтерек» ҰБХ бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстанның даму банкі біріктіріледі», – дп жазады ҚазТАГ агенттігі.
Алайда банктің жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Баспасөз қызметіндегілер егер осындай шешім қабылданса, ресми хабарланатын еді дей келе, бұндай жел сөзге сенбеуге шақырды.
ҚДБ-ның қызметі не?
Қазақстанның Даму Банкі – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған қаржы институты. Жеке сайтында ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жобаларға инвестициялайтыны жазылған.
Банк бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2000 жылғы 28 желтоқсандағы №531 «Қазақстан Даму Банкі туралы» Жарлығы және ел Үкіметінің 2001 жылғы 18 мамырдағы №659 «Қазақстанның Даму Банкі» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» Қаулысына сәйкес құрылған. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» ҰБХ.
Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейінгі Мәжіліс отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«ҚДБ негізінен қаржы, өнеркәсіп және құрылыс саласындағы белгілі бір топтың жеке банкіне айналды»,- деп мәлімдеген еді.
Кейін ҚДБ экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – Қайрат Сатыбалды, Назарбаевтың немересі – Нұрәлі Әлиев, Мәжілістің экс-спикері Нұрлан мен оның ағасы, бұрынғы премьер-министр Ерлан Нығматулинге тиесілі құрылымдарға 1,5 триллион теңге бергені туралы ақпарат тараған.
2022 жылдың маусымында Қазақстан Даму банкі қаржыландыруға өтініш берген компаниялар кімге тиесілі екенін, соңғы бенефициары кім екенін ашық жариялайтынын мәлімдеді. Бұндай шешімді «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қабылдаған. Банктің кредит саясаты жөніндегі меморандумға енгізілетін өзгерістер бекітілген.
Биыл наурыз айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген мониторинг нәтижесі «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ жекелеген жобаларға басымдық беріп, кейбіріне 100 пайыз несие беріп отырғанын байқатты.
Мысалы, жекелеген жобалар келіп түскен сәттен бастап бекітілген 70 күнтізбелік күннің орнына келісімдер 2-3 тәулік ішінде берілген, ал басқа жобалардың пысықтау мерзімі бұзылып, 300 күннен асып кетіп отырған.
Қазақстан қор биржасындағы ақпаратқа сәйкес, ҚДБ өткен жылы 34 млрд 124 млн 886 мың 798,44 теңге таза табыс тапқан. Банк 2022 жылғы таза табысының 50%-ын, 17,6 млрд теңгені дивиденд ретінде төлейді. Таза табыстың дәл осы сома шамасындағы жартысы ҚДБ иелігінде қалдырылды.
Қазақстанның даму банкі атқарушы орган мүшелеріне 2022 жыл үшін төленген сыйақының мөлшері 251,74 млн теңгені құраған.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» жайлы не білеміз?
Ал «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 2020 жылы Индустриялық даму және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған қаржы операторы – «ҚДБ-Лизинг»АҚ негізінде құрылған.
Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ еншілес ұйымы және «Бәйтерек «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді. Оның қызметі қаражат, оның ішінде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде жиналатын қаражат есебінен 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша серпінді өңдеуші кәсіпорындарға қолжетімді кредит беруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталмыш қор 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасының операторы болды. Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталған еді. Алайда қазіргі кезде автонесие қаражаты қоғамдық көлік алуға жұмсалып жатыр.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның 2022 жылғы таза пайдасы 22 млрд 392 млн теңгені құраған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 8 млрд 200 млн теңге болған. Қор табысы бір жылда 14 млрд 132 млн теңгеге өскен. Бұл деректер қордың 2022 жылға шоғырландырылған қаржылық есептілігі бойынша аудиторлық есепте келтірілген.
Маусым айында қор әр данасы 2 млн теңге тұратын 50 мың жай акциясын орналастырды.
Биыл «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына 34,4 бюджеттік кредит берілді. Оның 20 млрд теңгесі – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-на, 14,4 млрд теңгесі «Өнеркәсіпті дамыту қорына» несие ретінде бөлінуі тиіс.