Орыс-қазақ шекарасы: Ресей Қазақстанның жүк көліктерінің өтуін неге қиындатты?

Жарияланды
пробка
Фото: shutterstock

Қазақстанның жүк көліктері Ресейге өте алмай жатыр. Шекара маңында ұзынсонар көлік кезек күтуге мәжбүр. Ресей шекарашыларының Қазақстанның жүк көліктерін өткізбей жатқаны туралы әлеуметтік желіде видеолар да тарала бастады.

Ресей шекарашылары бұл кептелістің себебін айтпаған. Желіге тараған видео авторының айтуынша, бейтарап аймақта Қазақстанның 200-ден астам жүк көлігі кезек күтіп тұр.

«Атамекен» ҰКП өткен жиында да, кәсіпкерлер осы мәселені көтеріп, Қазақстанның жүк көліктері Ресеймен шекарада 10 күннен артық тұрып қалатынын мәлімдеді. «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов пен отандық кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі алқа мүшесі Андрей Слепневпен кездесуі барысында кәсіпкерлер шекарадағы кептеліске байланысты жеткізілмнің кешіктіріліп жатқанын, сол үшін үлкен көлемде айыппұл салынып жатқанын айтты.

Кәсіпкерлер Ольга Исакова мен Омари Харбедияның айтуынша, кейінгі үш айда Ресей Федерациясы мен ҚР арасындағы жүк көлігі үшін шекара маңындағы өткізу пункттерінен өту электронды кезектің енгізілуіне байланысты қиындап кеткен.

«Электронды кезек жағдайды қиындатып жіберді. Өйткені ондағы кезекке жазылу сапарға шықпай жатып 14 тәулік бұрын ашылады және барлық санаулы минутта брондалып кетеді. Соның салдарынан шекараның өзінде кезекте тұрған тасымалдаушылар 10 тәулікке дейін тұрып қалады, сәйкесінше барлық жүк ағыны Троицкий өткізу пунктінен Петухово мен Ельцово өткізу пункттеріне қайта бөлінді. Қазіргі ұзын-сонар кезек 8-10 шақырымды құрап отыр. Сонымен қатар Петухово мен Ельцово өткізу пункттерінде қызметкерлер саны жетпей жатыр. Мысалы Петуховада 12 саға ішінде шекарадан небәрі 50 жүк көлігі өткен, Ельцоводан 10 көлік өткен», деп мәлімдеді кәсіпкерлер.

Кәсіпкерлер осыған байланысты жеткізу мерзімдері бұзылғанын, мерзімінде орындалмағаны үшін айыппұл салынып, шарттық міндеттемелер орындалмай, тауарды жеткізу құны өсіп кеткенін айтты. Осыған байланысты, кәсіп иелері ЕЭК сауда жөніндегі алқа мүшесі Андрей Слепневтің атына қалыптасқан проблеманы шешуге жәрдемдесу және электроны кезекке жазылу мерзімін ұлғайтуды, сондай-ақ өткізу пункттеріндегі персонал штатын ұлғайту жөнінде ұсыныс білдірді.

Өз кезегінде Райымбек Баталов та Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында шешілуі тиіс біраз мәселелердің бар екенін айтты.

 «Қазіргі кезде сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, мемлекеттеріміздің ЕАЭО шеңберіндегі ынтымақтастығы оң динамиканы көрсетіп отыр. Одаққа мүше мемлекеттер экономикалық өсу қарқыны мен өзара сауда көлемін өсіріп келеді. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында туындайтын проблемаларды атап өтпесе болмайды», деді ол.

Бұл орайда Ұлттық палата мамандары бірінші кезекте Ресей Федерациясының аумағынан тауарлардың жекелеген түрлерін әкетуге рұқсат беру тәртібінің қолданылуы туралы мәселені көтерді. Рұқсат беру тәртібіне ауыл шаруашылығы техникасы, көлік құралдары мен қосалқы бөлшектері, өнеркәсіптік өнімдер, телекоммуникация, зертханалық, өндіру, геологиялық-барлау, геофизикалық жабдықтар, сондай-ақ медициналық мақсаттағы тауарлар ілікті. «Атамекен» ҰКП бұл тәртіп  ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы бұл кедергі өзара сауданы айтарлықтай шектейтінін, ал қазақстандық кәсіпкерлер бірқатар проблемаға тап болып отырғанын көтерді. Ұлттық палата ЕАЭО басшылығынан осы мәселені шешу бойынша көмек көрсетуді сұрады.

Кездесу барысында аяқ киімді таңбалау, электронды навигациялық пломбалардың қымбаттығы. Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарының бос контейнерлерді әкету кезінде ЭШФ беру туралы негізсіз талабы, жүк көлігі үшін Ресей Федерациясы мен ҚР арасындағы шекара маңындағы өткізу пункттеріндегі проблемалар аталды.

Осыған байланысты кәсіпкерлер Еуразиялық үкіметаралық кеңестің №5 шешіміне өзгерістер енгізіп, РФ тарапынан бос контейнергерге ЭШФ бойынша талапты жойылуына жәрдемдесуді сұрады.

«Атамекен»  ҰКП басшысы бұл бірнеше компанияның ғана емес, маңызды әрі жүйелі мәселе екенін атап өтті. Ұлттық палатаның баяндалған тезистері бар жалпыланған құжат Еуразиялық экономикалық комиссияға одан әрі жұмыс істеу үшін беріледі. Сонымен қатар, кездесу қорытындысы бойынша Райымбек Баталов пен Андрей Слепнев Ресей тарапымен келіссөздерге жәрдемдесу туралы уағдаластықтарға қол жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз