Пашинян мен Әлиев кездесуі: екі тарап бейбіт келісімге қол қоя ма?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Пашинян мен Әлиев 5 қазанда Испанияның Гранада қаласында кездеседі. Сол мақсатта Арменияның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян екі президенттің кездесуін дайындау үшін Брюссельге жұмыс сапарымен барады.

«26 қыркүйекте Брюссельде Григорян Франция президентінің кеңесшілерімен, ГФР канцлерімен, Еуропалық кеңес басшысымен және Әзірбайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиевпен кездесіп, екі ел көшбасшыларының Гранадада кездесуіне дайындық мәселесін талқылайды», деп хабарлады Армения Қауіпсіздік Кеңесінің баспасөз қызметі.

5 қазан күні Гранадада Армения премьер-министрі, Әзірбайжан президенті ғана кездесіп қоймай, сонымен бірге Франция президенті мен Германия канцлері және Еуропалық кеңес басшысының қатысуымен бесжақты кездесу өтеді деп жоспарланған.

Кездесу барысында екі ел арасында бейбіт келісімге қол қою мәселесі қаралады деп болжанып отыр. Алайда Пашинян журналистерге Гранададағы кездесуде бейбіт келісімге қол қою мәселесі көтерілмейтінін айтқан.

«Өкінішке қарай, олай болмайды. Егер бұл кездесуде құжатқа қол қою көзделген болса, біз бұл құжат Арменияның теңдестірілген мүдделеріне сәйкес келеді және біз оған қол қоюға дайынбыз дегенді білдіретін еді», деді Пашинян.

Бұл ретте Армения парламентінің спикері Ален Симонян Қоғамдық телеарнада сөйлеген сөзінде алдағы кездесуде бітімгершілік келісімге қол қою мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере отырып:

«Біз шынымен де осы бағытта алға қадам жасалғанын қалаймыз. Біз осы тарихи мүмкіндікті пайдаланғымыз келеді. Мәңгілік соғыс ешкімге керек емес. Біз бұған дайынбыз», деді Симонян.

Еске сала кетсек, биыл 19 қыркүйекте Әзірбайжан мемлекеті Таулы Қарабақ аймағында «терроризмге қарсы іс-шараларды» қолға алғанын мәлімдеді. Әзербайжан СІМ-і аймақтағы бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – Армения әскери күштерін Қарабақтан толық шығару және Степанакерттегі қатаң «режимді» құрту деп мәлімдеді.

Өз кезегінде Қазақстан Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын растайтынын мәлімдеді.

«Қарабақ төңірегіндегі соңғы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығына оның халықаралық деңгейде танылған шекаралары шегінде берік қолдауын тағы да растайды, сондай-ақ барлық мәселелерді БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайды», делінген СІМ мәлімдемесінде.

Ал 20 қыркүйек күні Таулы Қарабақ билігі атысты тоқтатып, Әзірбайжанды орталық атқарушы орган ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Мойындалмаған республика билігінің хабарлауынша, біржақты атысты тоқтату туралы шешім Таулы Қарабақта орналасқан ресейлік бітімгершілік контингенттің араласуымен жүзеге асқан.

Ал 21 қыркүйекте армяндықтар Таулы Қарабақ капитуляциясынан кейін Пашинянның биліктен кетуін талап етіп, наразылыққа шықты. Алаңға жиналған наразы халық Армения үкіметінің Қарабақтағы армян сепаратистеріне қолдау көрсетпей отырғанын айыптады. 

Сондай-ақ оқыңыз