Қауіпсіздік мақсатында онлайн микрокредит беру қағидалары өзгереді
Электрондық тәсілмен, онлайн микрокредиттер беру қағидалары өзгереді. Ұлттық банктің тиісті құжаты»Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.
«Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 217 қаулысына өзгеріс енгізіледі.
Бұл құжатты ақпараттық және киберқауіпсіздік департаменті Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық тәсілмен микрокредиттер беру кезінде бағдарламалық қамтамасыз етудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін күшейту мақсатында дайындаған.
Енгізілген өзгеріске сәйкес, клиентті тіркеу/авторизациялау рәсімін жеңілдету мақсатында мобильді қосымшада микрокредит алу тәсілін, сондай-ақ микроқаржы ұйымы қабылдағаннан кейін клиенттің банктік IBAN шотының және төлем карточкасының деректемелерін көрсету ұсынылады. Содан кейін ғана микрокредит беру туралы оң шешім шығарылатын болады.
Яғни онлайн тәсілмен несие алу үшін тиісті банктің жеке кабинетінде тіркеледі. Жеке тұлғаларға онда тіркелу үшін:
- жеке басын растайтын құжатта көрсетілген тегі, аты, әкесінің аты;
- жеке сәйкестендіру нөмірі;
- жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі және қолданылу мерзімі;
- ұялы байланыс құрылғысының абоненттік нөмірі;
- клиенттің банктік шотының деректемелері (IBAN) және/немесе төлем карточкасының деректемелері;
- клиенттің беті бейтарап қалыпта және аузы жабық ашық түстегі анфас фотосуретін енгізілуі тиіс.
Құжат 6 қазанға дейін талқылауда болып, ресми жарияланған соң күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.
Еске сала кетсек, енді қазақстандықтар eGov.kz арқылы несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарта алады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл шектеулер 6 айға белгіленеді және мерзімі өткеннен кейін автоматты түрде алынып тасталады. Тыйымды азамттар кез келген уақытта алып тастай алады. Ол үшін банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тарту қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беруі қажет. Бұл тетік арқылы азаматтар өздерін қаржылай сақтандыра алады.
«Бұл функция ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігі үшін іске қосылды. Біз осы арқылы ел азаматтарын қарызды заңсыз рәсімдеуге тырысатын алаяқтардан қорғап, көмектескіміз келеді. Айта кетейік, дәл осындай сервис Бірінші кредиттік бюроның сайтында ақылы негізде қолжетімді. Электрондық үкімет порталында өтінім берген кезде кредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту тегін жүзеге асырылады. Біз Бірінші несиелік бюро мен Электрондық үкіметтің жүйелерін біріктірдік, яғни, бұрын азаматтарымыз бюро арқылы өтініш беретін болса, ал енді несиеден бас тартуды eGov.kz аясында рәсімдей алады. Қазір бұл функция қолжетімді», деді министрлік басшысы.