Қазақстан 84,1 млн тоннамен әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілер қатарында тұр
фото: kursiv.media
Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейінгі энергетикалық нарықтар бір жылдық күйзеліс кешті. Дегенмен 2022 жылы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып, сегіз жылдық ең жоғары деңгейге жетті.
Мұнай компаниялары өз пайдасын екі есеге арттырды, ал әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің экономикасы айтарлықтай серпін алды.
Бірақ әлемдегі мұнай жеткізілімінің көп бөлігі қай елдерге тиесілі? Charted порталы Энергетика институты дайындаған әлемдік энергетикаға статистикалық шолу деректерін пайдалана отырып, бұған қатысты зерттеу жүргізді. Олар әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілерді «визуализациялап» яғни электронды түрде бедерлеп, рейтинг жасады. Тізімнің жоғарғы тұсында Қазақстан да бар.
Сонымен 2022 жылы мұнай өндіру бойынша көзге түскен алпауыттар кім?
АҚШ 2018 жылдан бері әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші екендігі түсінікті. АҚШ тәулігіне, шамамен, 18 миллион баррель мұнай өндіретін өзінің «шама-шарқын» 2022 жылы да сақтап қалды. Бұл әлемдегі мұнай қорының бестен бір бөлігіне тең.
Елдегі мұнай өндірісінің төрттен үш бөлігі: Техас, Нью-Мексико, Солтүстік Дакота, Аляска және Колорадо сынды бес штатта шоғырланған.
Charted жариялаған тізімге табан тіреген Қазақстан
Charted порталы «әлемдегі алпауыт мұнай өндірушілер» жайында жариялаған тізімде Қазақстан 13 – орынға тұрақтады.
Американың мұнай өндірудегі айтарлықтай көшбасшылығынан кейін Сауд Арабиясы (2-ші) тәулігіне 12 миллион баррель қара алтын өндірген. Бұл әлемдік мұнай тасымалының, шамамен, 13% құрайды.
Ресей 2022 жылы тәулігіне 11 миллион баррельден үшінші орынға ие болды. Осы үш ірі мұнай алпауыттары бірге Канада (4-ші) және Ирак (5-ші), әлемдегі барлық мұнай жеткізілімдерінің жартысынан көбін құрайды.
Сонымен қатар, 10 ірі мұнай өндіруші елдер қатарында Қытай, БАӘ, Иран, Бразилия және Кувейт те бар. Олар әлемдік мұнай өндірудің 70%-дан астамын иеленеді.
Бір қызығы, барлық 10 ірі мұнай алпауыттары 2021 және 2022 жылдар аралығында өндірісін ұлғайтты, нәтижесінде әлемдік өндіріс жыл сайын 4,2% – ға өсті.
Қазақстан қара алтыны екінші ондықта көш бастап, 2022 жылы 13 орынға тұрақтады.
Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда мұнай өндіру 2022 жылы 84,1 млн тоннаға жетті, бұл 2021 жылымен салыстырғанда 2%-ға аз болды. Бұған 2023 жылдың маусым айының соңында жарияланған Британдық энергетикалық институттың (Energy Institute) мәліметтері дәлел бола алады.
Зерттеуге сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға мұнай өндірудің әлемдік көлемінің 1,9%-ы тиесілі болды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Ресейге қарай 1,8 млн тонна мұнай (бұл орташа есеппен 36 мың баррель) жеткізді, бұл 2021 жылымен салыстырғанда 638 мың тоннаға (64%-ға) артық. Мұндай деректерді 2023 жылдың ақпан айының басында Reuters агенттігі өзінің есептеулеріне сілтеме жасай отырып келтіреді.
Reuters есептеулері Қазақстанның макроэкономикалық шолу деректерімен тең. Қазақстан 2022 жылы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнайды бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,7%-ға аз жөнелтті. Өткен жылы Қазақстан барлығы 64,8 млн тонна мұнай экспорттады, оның 81,2%-ы Каспий құбыр консорциумына үлесіне тиесілі болды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда тәулік бойынша мұнай өндіру көлемі соңғы 3 айдағы ең жоғары деңгейге жеткенін саралағанбыз 21 қыркүйектегі есеп бойынша Қазақстанда 256,2 мың тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. Бір апта ішінде мұнай өндірудің тәуліктік көлемі 13,2%-ға немесе 30 мың тоннаға артып отыр. Айта кету керек, аталмыш деңгей – 3 айдан астам уақыт ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. 9 маусымнан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта мұнай өндіру межесінің мұншалықты артқанын ҚР ОЭК Ситуациялық-талдау орталығы дәйектеп отыр.