Қазақстан мен Ресей жалпы құны 1,5 млрд доллардан асатын 28 жобаны бірлесіп жүзеге асырмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: shutterstock.com

Қазақстан мен Ресей жалпы құны 1,5 миллиард доллардан асатын 28 индустриялық жобаны бірлесіп жүзеге асырмақ. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев мәлім етті.

«Қазір біз құны 1,5 миллиард доллардан асатын 28 жобамен жұмыс істеп жатырмыз», – деді Панбаев INNOPROM.QAZAQSTAN халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясында өткен брифингте.

Сонымен қатар, оның айтуынша, машина жасау және металлургия саласындағы құны 7,2 млрд доллар болатын тағы 26 жобаның келешегі зор.

Панбаевтың айтуынша, INNOPROM көрмесі – іскерлік әріптестік пен жаңа жобаларды орнату үшін маңызды алаң. Брифингте жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы INNOPROM көрмесінде жалпы құны 6,3 миллиард долларға 24 келісімге қол қойылған.

«Биыл (…) біз шамамен 15-20 келісім жасауымыз ықтимал (…) Негізгі секторлар – машина жасау, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп. Жобалар осы салаларда шоғырланады», – деп түйіндеді Панбаев.

Жалпы, ол екі ел арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары деп бағалайды.

«Бұған біздің достық және стратегиялық қарым-қатынастарымыз әсер етті. Бізді қуантқан бірінші нәрсе – тауар айналымының өсуі. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ол 3,2%-ға өсті. Былтыр жыл соңында ол 3,2%-ды құрап, 26 млрд доллардан асты. Екінші тармақ – бірлескен жобаларды жүзеге асыру», – деді Панбаев.

Сонымен қатар ол Қазақстан ресейлік компаниялармен серіктесу кезінде санкцияға қатысты ЕО пен АҚШ ұсыныстарын ескереді деп мәлімдеді.

Алдағы уақытта Қазақстандағы ресейлік инвестжобалар саны екі есе артып, 2029 жылы олардың құны 75 млрд долларға жетуі ықтимал. Соңғы бір жылда өзара сауда 15%-ға өсті.

Сондай-ақ оқыңыз