Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктерінің іркілісі жоқ – Ұлттық қауіпсіздік комитеті
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмысы туралы мәлімдеме жасады.
«Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункттерінде, соның ішінде Атырау облысындағы «Құрманғазы» өткізу пунктінде автокөлік кептелісі орын алғаны туралы ақпарат таралуда.
Дегенмен, шындығында Қазақстан-Ресей шекарасының көрсетілген учаскесінде автокөлік құралдарының кептелісі тіркелмеген»-деді ҰҚК баспасөз қызметі.
«Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеуде, қандай да бір шектеу шаралары енгізілмеген.
Тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратпауға шақырамыз»-делінген хабарламада.
Айта кетейік Қазақстанның жүк көліктері Ресейге өте алмай жатыр. Шекара маңында ұзынсонар көлік кезек күтуге мәжбүр. Ресей шекарашыларының Қазақстанның жүк көліктерін өткізбей жатқаны туралы әлеуметтік желіде видеолар да тарала бастады.