Тамыз айында елімізде Ресей рубліне сұраныс артып, доллар сатып алушылар азайған

Жарияланды

фото: kursiv.media

Ұлттық банкте Қазақстан Республикасындағы айырбастау пункттерінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу мен сатуға қатысты ақпарат жарық көрді. 2023 жылғы қаңтар-тамыз аралығындағы сандар тізбегіне жүгінсек, Қазақстанда долларға қарағанда рубльге сұраныс артқаны байқалады.

Ұлттық банк дәйектемелеріне назар салсақ, Қазақстан валюта нарығында тамыз айының көрсеткіші бойынша рубльге сұраныс артып отыр. Қазақстандағы айырбастау нүктелеріне жүгінген азаматтар 12 889,9 млн теңгені рубльге айырбастаған. Тамыздағы бұл нәтиже – алғашқы сегіз айдағы ең жоғарғы көрсеткіші екенін айта кеткен жөн.

Қазақстан Республикасындағы айырбастау пункттеріндегі тамыз айының көрсеткіші/Ұлттық банк

Сонымен қатар, жаздың алғашқы айында Қазақстандағы азаматтар 379, 9 млн теңгеге рубль алса, шілдеде 6033,0 млн теңгесін рублге айырбастаған. Қолда бар қаржысын рубльге «түлеткендердің» тізімінде Астана қаласы, Шығыс Қазақстан облысы пен Қарағанды облысының үлесі жоғары.

Қазақстандағы этникалық алуан түрлілік сақталған аймақтарда рубльге айырбас жүргеніне көз жеткізуге болады. 2023 жылдың басындағы этникалық санаққа көз жүгірсек, аталмыш үш аймақта орыс ұлты өкілдерінің саныі жоғары екенін көреміз. Бұл да рубль айырбастауда ықпалды факторлардың бірі болуы мүмкін. Орыс этносынының осы үш аймақтағы көрсеткіші төмендегідей:

Қарағанды облысы – 358 432;

Шығыс Қазақстан – 328 101;

Астана қаласы – 127 576;

Мұнымен қоса алғанда, естеріңізде болса, мобилизация себебінен Қазақстанға қоныс аударған ресейліктердің саны да былтырдан бері күрт артты. Былтыр цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 21 қыркүйектен бастап 70 мыңға жуық ресейлік шетелдіктерге берілетін ЖСН алғанын мәлімдеген еді.

Шілдеде 194108,3 млн теңге көлемінде доллар айырбасы жасалған. Бұл осы жылдың алғашқы сегіз айындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Мұндай шарықтаудың басты себебі ретінде ел азаматтарының маусымдық демалыс алуын, шетелге шығуы болуы мүмкін. Тамызда доллар іздегендердің көрсеткіші шілдеге қарағанда сәл төмен. Яғни, 149608,6 млн теңгеге сауда жасалған.

Сондай-ақ оқыңыз