Ресейлік компанияларымен серіктестік кезінде санкцияға қатысты ЕО пен АҚШ ұсыныстары ескеріледі – Өнеркәсіп министрлігі

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Қазақстан Ресеймен бірлескен кәсіпорын құру кезінде АҚШ пен ЕО ұсыныстарын ескереді. Бұл туралы INNOPROM.QAZAQSTAN халықаралық өнеркәсіп көрмесі аясында өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, индустриялды даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев мәлім етті.

«Санкция мәселесіне келгенде біз экономика министрлігі және сауда министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істейміз, СІМ-мен кеңесеміз, ЕО пен АҚШ ұсыныстарын ескереміз. Соның негізінде өзімізге зияны тимес үшін бірлескен кәсіпорын ұйымдастыруда құқықтық тәсілдерге жүгінеміз», – деді Панбаев.

Ол сонымен қатар осы көрмеге өнімдері ұсынылған бірқатар ресейлік компанияларға Батыс елдері санкция салғанын мойындады.

«Алайда, дәл қазір санкция салынған компаниялармен байланыс орнаттық деп мәлімдеу қате. Біз халықаралық қүқықты бұзбай ісскери қарым-қатынас орнатудың дұрыс механизмдерін іздеп, тауып, орнатып отырмыз», деп мәлімдеді.

Айта кету керек 2023 жылы шілде айында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстанға санкция қаупін көріп тұрған жоқ деп мәлімдеген болатын. Ол, Қазақстан батыстағы әріптестермен «ашық та тікелей қарым-қатынаста» болу үшін, әу бастан-ақ, Ресейге қарсы салынып жатқан санкцияларды жіті қадағалап отырғанын ескерткен еді.

Еске сала кетейік, осы жылы 17 тамызда Ұлттық экономика министрлігі қазақстандық «Defence Engineering» компаниясының АҚШ-тың санкциялар тізіміне енгізілуін растаған болатын,

«Кәсіпорын Астанада тіркелген. Бүгінде ол белсенді емес. ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, компанияның қызметі 14.02.2021 жылдан бастап тоқтатылған. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, аталған кәсіпорынға ерекше тауарларды өткізуге лицензия, рұқсат берілмеген», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, министрлік аталған компанияның АҚШ санкциялар тізіміне енгізілуін оның иесі Ашот Мкртычевпен байланыстыратынын хабарлап отыр. Министрлік дерегінше, аталған азамат Қазақстанның резиденті емес. Ол ел аумағынан 2020 жылғы 7 наурызда аумағынан кетіп қалып, қайта елге кірмеген.

Сондай-ақ, АҚШ Орталық Азия елдеріне Ресей санкцияларының салдарымен күресуге көмектесіп жатқанын мәлімдеген болатын. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Элизабет Хорст мұндай жұмыстардың, әсіресе, Өзбекстан және Қазақстанмен белсенді жүргізіліп жатқанын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз