Жоғары аудиторлық Палата Kazakh Tourism-ге қатысты жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асатын заңбұзушылықты анықтады
фото: kursiv.media
Жоғары аудиторлық Палата «Kazakh Tourism «ҰК» АҚ-ның қазақстандық туризмді ілгерілету жөніндегі міндеттерді іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын есепке салды. Қаражатты пайдалану аудитінің қорытындысында бірқатар келеңсіздіктерді анықтады.
Аудит қорытындыларынан көргеніміздей, Қазақстандағы туризм саласының дамуына, сондай-ақ акционерлік қоғам қызметінің тиімділігіне әсер ететін жекелеген жүйелік кемшіліктер мен қателіктер бар.
Сараптамада туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды әртүрлі министрліктер мен ведомстволарға табыстаудың тиімсіз екендігі айтылған. Мысалы, 20 жыл ішінде 8 рет туристік салаға өзгерістің енгізілуі – ендігі жүйелілік пен сабақтастықтың болмауына әкеліп отыр.
Қазір Қазақстанда «Туристік қызмет туралы» заңда көзделген 22 туризм бағыттарының тек 4 бағыты дамуда. Оларға туристік объектілердің 80%-ы тиесілі (экотуризм – 34%, мәдени-танымдық – 29%, аңшылық туризм – 9%, емдік-сауықтыру туризмі – 8%).
Жоғарғы аудиторлық палата туризмнің дамуын бөгеп отырған бірқатар бағыттарды айтады. Мысалы, министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасында өңірлік үйлестірудің болмауы (15 өңірде туризм саласында үйлестіруді жүзеге асыратын бейінді басқармалар жоқ).
2022 жылғы бюджеттен туризмді дамыту үшін 402,0 млн теңге көзделген, оның ішінде барлығы 85,8 млн теңге (21,3%) игерілген. Атап айтқанда, жоспар бойынша «әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялауға» 54,7 млн теңге бөлініп, оның бар болғаны 5,8 млн теңгесі ғана игерілді (10,6%).
211,1 млн теңге ішкі авиамаршруттар («KIDS go FREE») бойынша балалар тасымалдау ақысын (100%) өтеуге жұмсалады деп жоспарласақ, оның 76,2 млн теңгесі (36,1%) пайдаға жараған.
Қыруар қаржыны, сонымен қатар, «облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін субсидиялауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерге» бөлу жоспарланған. Яғни, 136,3 млн теңге жоспарының 3,7 млн теңге игерілдісі (2,7%) кәдеге асқан.
Мұнымен қоса алғанда, туристік қызмет көрсететін субъектілердің стандарттарды сақтауына қатысты мемлекет тарапынан жүйелі бақылаудың болмауы да үлкен мәселе. Бүгінгі таңда туризм саласында 90-нан астам стандарт қабылданды, бұл ретте осы стандарттардың сақталуы бақыланбайды. Нәтижесінде көрсетілетін туристік қызметтердің сапасы сын көтермейді. Ақырында шетелдік туристердің елден кетуіне әкеледі.
Отандық туризмдегі қонақ үй мәселесінің мәні бөлек. Қонақ үй туристік инфрақұрылымын дамытудың жеткіліксіздігі де бағаның артуына ықпал етеді.
Сондай-ақ, интернет пен туристік қызметтерді цифрландырудың әлсіз деңгейі (интернетке қосылған объектілер-76,2%, халықаралық интернет – брондау жүйелеріне интеграцияланған объектілер-22,6%) елдегі туризм саласына тұсау болып тұр. Қашықтан брондау және төлем жасау мүмкіндігінің болмауы сынды келеңсіздіктер туристке тұру шарттарымен танысуға және саяхат маршрутын жоспарлауға мүмкіндік бермейді.
Жалпы алғанда, мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1 558,6 млн. теңге болатын бұзушылықтар мен кемшіліктер анықтаған. Оның ішінде:
- 919,4 млн. теңге сомасына активтерді тиімсіз пайдалану;
- 546,9 млн. теңге сомасына бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау;
- қызметтердің құнын арттыру – 76,7 млн. теңге;
- орындалмаған жұмыс, қызмет көрсету көлемі – 11,3 млн. теңге;
- негізсіз төленген жалақы-4,3 млн. теңге;
Аудит барысында бюджетке 88 млн теңге өтелді, кәсіпорынның кірісіне 1,3 млн.теңге қалпына келтірілді, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны және пайдаланғаны үшін, ҚР Туризм және спорт министрлігінің вице-министріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 234-1 бойынша 2 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жоғары аудиторлық палата бюджеттік және өзге де заңнаманы бұзуға жол бермеу әрі жүйелік шығындарды жою мақсатында ҚР Үкіметіне ұсынымдар, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне және «Kazakh Tourism «ҰК» АҚ-ға тапсырмалар берілгенін хабарлады.