Алматыда Храпунов отбасынан тәркіленген мүлікті иелену ісі бойынша экс-шенеуніктерге қатысты үкім шықты

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media

Алматы қаласы Медеу ауданының қылмыстық істер жөніндегі сотында қаланың бұрынғы әкімі Виктор Храпунов отбасынан тәркіленген активтерді төмен бағаға сату ісі бойынша айыпталған экс-шенеуніктерге қатысты үкім шықты. Мемлекетке келтірілген шығын – 819 млн теңге. Айыпталушылар шығынды сот процесі барысында өтеген.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, қылмыстық іс бойынша 3 адам сотқа тартылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұхановқа қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («алаяқтық») бойынша айып тағылған.

Бұрынғы Ұлттық экономика вице-министрі Ильяс Өсеров, Алматы қаласы мемлекеттік сатып алу басқармасының бұрынғы басшысы Айнұр Құдайбергеноваға қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі – 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («алаяқтық әрекетке көмектесу») бойынша айып тағылған.

Оқиға қалай өрбіді? Алматының қылмыстық істер жөніндегі ауданарылық соты 2018 жылдың 8 қазанында Храпунов отбасының мүлкін тәркілеген. 2019 жылы Талғат Мұханов ол мүлікті нарықтағы бағадан арзанға сатып алған. Ильяс Үсеров ол кезде Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тұрған, ол Мұхановқа жылжымайтын мүлікті арзанға сатып алуға жағдай жасаған.

Ал Айнұр Құдайбергенова Алматының мемлекеттік сатып алу басқармасында басшы екенін пайдаланып, жылжымайтын мүлік нысандарын нарықтағы бағалау құнын қасақана төмендетуге және оларды Талғат Мұхановтың пайдасына сауда-саттық және сату рәсімін өткізу кезінде төмендетілген құны бойынша алуына ықпал еткен.

Істі судья Залина Махарадзе қарады. Басты сот талқылауы 2023 жылдың 10 шілдесінде басталды. Іс барысында үш айыпталушы да тағылған айыпты мойындамады.

2023 жылдың 26 қыркүйегінде сот үкімімен бұрынғы Ұлттық экономика вице-министрі және Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ильяс Үсеров 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметті атқара алмайды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұханов 8 жылға сотталды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметті атқара алмайды, сондай-ақ полковник шенінен айырылды.

Алматы әкімдігінде басқарма басшысы болған Айнұр Құдайбергенова 5 жылға бас бостандығынан айырылды, ол мемлекеттік қызметті өмір бойы атқара алмайды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз