Атырау қаласы әкімдігіндегі үш басқарманың бұрынғы басшылары ұсталды. Атап айтқанда, сәулет, жер қатынастары және Атырау қаласы әкімі аппараты бөлімдерінің бұрынғы басшылары алаяқтық жасады деген күдікпен қамауға алынған. Бұл жайлы Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Лауазымды тұлғалар жер учаскелерін бөлу және олардың нысаналы мақсатын анықтау кезінде алаяқтық әрекеттер жасады деп күдіктелуде.
«Прокуратура бұл фактіні ҚК 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) және ҚК 361-бабы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша тіркеді. Облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.