Жаңалықтар

Министр қалдықтарды рұқсатсыз төккен азаматтардың көлік құралдарын тәркілеуді ұсынды

Фото: kursiv.media

Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қалдықтарды рұқсатсыз төгуді қайталап жасаған азаматтардың көлік құралдарын тәркілеуді ұсынды.

Министр қолданыстағы шаралардың нәтиже бермей жатқанын айтады. Сол үшін де ІІМ мен ЭТРМ бірлесіп ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 344-бабы аясында жауапкершілікке тарту бойынша ішкі істер органдары құзыретін кеңейту бөлігіне түзетулер енгізу туралы мәселені қарастыруды ұсынып отыр. Өйткені бүгінгі күні рейд іс-шаралары оң әсер көрсетпеді, себебі ішкі істер органдары абаттандыру қағидаларын бұзушыларды ӘҚБК 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартады. ӘҚБК 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, қайталап жасалса 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлды қарастырады.

Сондай-ақ қалдықтарды рұқсатсыз көбейтумен байланысты жеке жауапкершілік қарастырылмаған және осы бапта қарастырылған айыппұл көлемдері аз әрі құқық бұзушылардың санасының өзгеруіне әсер етпейді және қолданыстағы әкімшілік нормалар қайталап жасалған бұзушылық үшін жазалауды қарастырмайды екен.

«Бүгінгі күні ғарыштық мониторинг қамту алаңы 39 елді мекенді қамтиды, бұл ел деңгейіндегі бейберекет қоқыс бойынша толық жағдайды көрсетпейді. Сондықтан 2024 жылы ғарыштық мониторингті қолдану арқылы елді мекендерді қамту алқабын ұлғайту мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Е-құрылыс» жүйесі арқылы бақылау жолымен  құрылыс қалдықтарының қозғалысын қадағалауды күшейту содан соң осы жүйені Экология министрлігінің қоқыс тасушы көліктерді бақылау бойынша ақпараттық жүйесімен біріктіреміз», дейді министр.

Сонымен бірге министр құрылыс қалдықтарын қайта пайдалану бойынша ұлттық стандарттарды әзірлеуді ұсынды. Құрылыс қалдықтарын қайта пайдаланудың фундаменталды ғылыми-техникалық негізін дамыту арқылы циркулярлық экономиканы енгізу және осыған сәйкес материалдық ресурстарды сақтау әлемдік тәжірибе екенін алға тартқан министр, осыған байланысты қалдықтарды, оның ішінде, тауарды (өнімді) шығару  кезінде пайдалану бойынша тиісті ұлттық стандарттарды әзірлеу қажет екенін айтады.