Жаңалықтар

Қазақстан әлемдегі табиғи газ ең арзан елдердің бірі

фото: kursiv.media

Қазақстандағы табиғи газ бағасы әлемдегі ең төмен бағалардың бірі. 47 елден газ құны бойынша деректер жинаған Global Petrol Prices сарапшылары осындай тоқтамға келді.

Мәліметтерге сенсек, Қазақстан арзан бағадағы табиғи газы бар «көшбасшы үштікке» жатады. Қазақстандағы газ бағасы Иран (0,001 АҚШ доллары) және Алжир (0,003 АҚШ доллары) газы сияқты қолжетімді әрі арзан: 0,006 АҚШ доллары.

Салыстыру үшін сарапшылар пікірін алға тарта кетейік, қазір табиғи газдың орташа әлемдік бағасы кВт/сағ үшін 0,12 АҚШ долларынына тең. Бұл Қазақстан көрсеткішінен 21 есе көп. Табиғи газдың ең жоғарғы бағасы 0,447 АҚШ доллары есебімен Швецияда тіркелген.

Мұндай газ бағасы Қазақстандағы әдеттегі бағадан 78 есе артық. Мұнымен қоса, Әзірбайжан сияқты елдерде де газ бағасының едәуір жоғары (0 0,014 КВт/сағ үшін АҚШ доллары) екені байқалады. Ал Украинада газ бағасы 0 0,024 АҚШ доллары болса, Қытайда 0 0,048 АҚШ долларына тең.

Әзірбайжан еліндегі газ бағасының жоғары екендігі көңілге күдік ұялатады. Неліктен? Себебі, Әзірбайжан Қазақстанмен қатар газ өндіруші де, көк отынды экспорттаушы да ел саналғанына қарамастан табиғи газ бағасын көтеріп отыр.

Қазақстанда газдың арзан ғана емес, сонымен қатар баға мен жалақының арақатынасын ескере отырып қолжетімді екендігін айтқан ресейлік сарапшылар бар. Олардың зерттеулеріне сәйкес, Қазақстан Еуропаның барлық елдері арасында газдың арзандығы мен қол жетімділігі бойынша бірінші орында тұр. Ел тұрғындары орташа айлық жалақыға,шамамен, 10 мың текше метр газ сатып ала алады. Екінші орын Қазақстанның көршісі және ЕАЭО мүшесі Ресейге (7,6 мың текше метр) тиесілі. Бірінші үштікке ЕАЭО-ның тағы бір елі – Беларусь (5 мың текше метр) кіреді.

Еске сала кетейік, бұған дейін қаржы талдаушысы Расул Рысмамбетов Маңғыстауда сұйытылған газ бағасын тұрақтандыру үшін орнатылған «баға дәлізі» қарапайым қазақстандықтардың өмірін қиындатқанын айтқан болатын. Автор өз жазбасында ел тұрғындарының «баға дәлізіне» бола артық ақша төлеуге мәжбүр екенін мәлім еткен еді.