Қазақстан мен Еуропаны салыстырды: Премьер-министр елде қалдықпен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспағанын айтты
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында елімізде қоқысты өңдеу және қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспағанын айтты.
«Қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі ахуал өте күрделі күйінде қалып отыр. Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылған жоқ. Өкінішке орай, бізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспады. Көп жағдайда қоқысты көшеге тастай салу қалыпты әдетке айналған. Қоқыс үйінділеріне қатысты ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі», деді премьер-министр.
Қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналып отырғанын айтқан үкімет басшысы басқа елдердің мысал ретінде келтірді.
«Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елдері қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасауда. Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ке жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция елі тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Ал, біз болсақ, әлі күнге дейін қоқысты жоюдың жинақтау немесе көмусияқты әбден ескірген әдісін қолданып келеміз», деді ол.
Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады. Оған қоса мыңдаған стихиялық қоқыс полигондары тағы бар. Әкімдіктер оларды жою үшін бюджеттен қомақты қаражат бөледі. Сонымен бірге қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтауға арналған рейдтік іс-шаралар да жүргізіледі. Заң талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де ұлғайтылған. Алайда, атқарылып жатқан елдің экологиялық ахуалын жақсартуға еш көмектеспеген.
Сол үшін де үкімет басшысы қоқыс мәселесін реттеуге келгенде, қолданыстағы тәсілдерді өзгерту керек деп санайды.
«Сондықтан, мына мәселелерді атап өткім келеді. Жергілікті атқарушы органдар 1-ші қарашаға дейін коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын бекітуі қажет. Бұған қоса, әкімдіктер осы жылдың соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын 2 есеге қысқартуы тиіс. Экология министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер енгізуді қамтамасыз етуі керек. Әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту қажет, заң бұзу фактілері қайталанса, соған сәйкес салынатын айыппұл мөлшері де өсуі тиіс», деді Премьер-министр.
Сонымен бірге Үкімет басшысы Экология министрлігіне қалдықтарды бөліп жинауды, оларды утилизациялау мен қайта өңдеуді енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырды.
«Қалдықтарды жоюдың қазіргі жүйесі, оның ішінде тариф мәселесі ешқандай сын көтермейді. Саланың тиімділігі жоқ, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермейді. Жыл соңына дейін жаңа тәсілдер әзірлену керек. Экология министрлігі әкімдіктермен бірге 1-ші желтоқсанға дейін еуропалық озық тәжірибені ескере отырып, қалдықтарды жойып, қайта өңдейтін жаңа зауыттар салу бойынша ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Ол үшін тиісті заңнамалық база бар. Мәселен, Швеция, Франция, Жапония сияқты әлемнің кейбір елдерінде зауыттар үлкен жерді алып отырған жоқ. Сонымен қатар, түтін мен иіс шығармайтын технологиялар қолданылады», деді Премьер-министр.
Сөз соңында Әлихан Смайылов Экология, Оқу-ағарту, Ғылым министрліктері жыл соңына дейін қоқыспен жұмыс істеу мәдениеті мәселелерін әзірлеп, оны балабақшадан бастап университетке дейін оқу бағдарламаларына енгізуді тапсырды.