Қазақстан темір жолмен бидай тасымалдауға 6 айға тыйым салды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Қазақстанға үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автомобиль көлігімен және теміржол арқылы бидай әкелуге тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы 11 қазаннан күшіне енеді. Сырттан бидай жеткізуге қатысты тыйым 6 айға салынбақ.

Қазақстанның «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы мен Еуразиялық
экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, үшінші елдер мен ЕАЭО мемлекеттерінен белгілі көлік құралдары арқылы бидай жеткізу шектелді. Аталмыш бұйрықта:

«Алты ай мерзімге: Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен автомобиль көлігімен; лицензияланған элеваторлардың, астық өңдеушілердің, құс шаруашылығы кәсіпорындарының мекенжайына темір жол көлігімен бидай әкелуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен темір жол көлігімен бидай әкелуге тыйым салу енгізілсін», – делінген.

Сонымен қатар, құжатта аталмыш бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан
Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелетіндігі жазылған.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы департаментінің директоры Азат Сұлтановтың «ел аумағына бидай жеткізуге қатысты жаңа ереженің» қолданысқа енетінін мәлімдеген.

Нақтырақ айтсақ, бидайды автокөлікпен жеткізуге тыйым салу мерзімі ұзарып, бидайды темір жол жеткізуге тыйым салу ережесін қолданысқа енетінін айтқан.

Мұндай шектеулер агрошаруашылық саласындағы небір «құйтұрқы қадамдарды» жасайтындарды тұсаулап, кәсіпкерлердің қызметіне көлеңке түсіретін әрекеттерге тоқтау салу мақсатымен қолға алынып отыр. Бидай тасымалын жеткізуге тыйым салынған елдер қатарында Ресей де бар.

Тамыз айында Қазақстан Республикасының сырттан бидай әкелуге шектеу (6 ай көлемінде) енгізетіні мәлімделді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығының тиісті жобасы «Ашық НҚА (нормативтік-құқықтық актілер)» сайтында орналастырылды.

Бидайды автокөлікпен алты ай мерзімінде жеткізуге қатысты тыйым 2023 жылғы 10 сәуірден басталған. Қазақстанға заңсыз бидай әкелуге қарсы шара 10 қазанда аяқталады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды заңсыз жеткізу салдары нарықтағы теңгерімді бұзып, ас атасының құнын 2 есе төмендететінін айтады. Мұндай құйтұрқы импорттың көлемі жылына 1,5-2 миллион тоннаға жеткен, ал мемлекетке келтірілген жалпы шығыны жыл сайын 500 миллион долларға бағаланып отыр.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан ресейлік бидайды автомобиль көлігімен тасымалдауға тыйым салуды 2024 жылдың 10 сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданған еді. Бұл бидайды сұр схемамен экспорттауға тосқауыл болмақ.  

Сондай-ақ оқыңыз