ArcelorMittal басшысы 5-10 жылда Қытай болат экспортының тоқырайтынын болжады
фото: kursiv.media
АрселорМиттал SA Бас директоры Адитя Миттал Қытайдағы болат өндірісінің таяу келешекте «кері кететінін» болжады. Оның айтуынша, Бейжің қабылдаған шаралар алдағы 5-10 жылда ел экспортын тежейді. Бұл жайлы «Интерфакс» хабарлады.
Осы уақытқа дейін нарыққа ағылған арзан қытайлық болат саудасының бұлай тоқырауы өзге болат өндіршілердің жолын ашады деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар, Адитя Миттал Қытайдағы болат экспортын тежейтін басқа факторларды да санамалап айтты. Оған ҚХР-да жаңа болат кәсіпорындарын салу талаптарының қатаңдануын, Еуропа мен АҚШ-тың Қытайға қарсы ішінара сауда шектеулерін қоюын жатқызды.
«Менің ойымша, Қытайдың экспортына қатысты қысым қуатты шектеу әсерінен күрт күшейе түседі», – деді Миттал сейсенбі күні. Ол мұндай пайымын Бразилияның болат өнеркәсібі өкілдері қатысқан онлайн конференцияда айтты.
АрселорМиттал SA Бас директорының сөзін Bloomberg іліп әкетті:
«Дегенмен, салалық бағыт бойынша өсімнің қай жерде екенін анықтап, оған қатысты қандай бағыттарда жұмыс істей алатынымызды түсіну маңызды», – деп жазды басылым Адитя Митталдың сөзіне сілтеме көрсете отырып.
Еске сала кетейік, осы жылдың басында АҚШ Қытайдан жекелеген металл өнімдеріне қарсы тосқауыл бажын енгізді. Ал қазір еуропалық серіктестерммен бірге қытайлық болаттың артық жеткізілімдерін тоқтатуға қатысты шараларды талқылап жатыр.
Бразилияның Асо Brasil Болат өндірушілер қауымдастығы бір күн бұрын Үкіметке қарата дабыл қақты. Аталмыш саланы шамадан тыс жеткізілімдерден қорғау мәселесін көтеріп, болатты елге әкелу баждарын 25%-ға дейін көтеруге шақырды.
Миттал Қытай жеткізілімдерінің басқа елдердегі компаниялар үшін үлкен проблема болып қала беретінін айтады. Дегенмен болат секторының болашағында оң өзгерістер болатынын жасырмайды.
Болат өнеркәсібі алдында тұрған қиындықтарға келгенде АрселорМиттал SA Бас директоры: кәсіпорындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, білікті кадрларды тартуды және көміртегі ізін азайту қажеттілігін жіктеді.
«Біз мұны қалай жасау керектігін білеміз, бұл үлкен шығынды талап етеді… Сөз реті келгенде айтайын, болаттың құнын 20-30%-ға арттыру маңызды», – деді Адитя Миттал.
Компания басшысының кәсіпорын қауіпсіздігіне арнайы тоқталуы бекер емес.
Естеріңізге сала кетейік, 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.
Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын айтты.
Содан кейін шахтаның Ресей компаниясына сатылатыны туралы ақпарат тарады. Бірақ Роман Скляр «АрселорМиттал Теміртауды» ресейлік «Северстальға» сату туралы қауесеттерге сене бермеуге шақырды.
«AMANAT» партиясының депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловтан «Қазақстан» шахтасындағы жағдайды үкімет бақылауынан шығармауды әрі «АселорМиттал Теміртаудың» басшылығын заң негізінде жауапқа тартуды сұрады.