Досаев Сеулге сапары барысында Алматының медицина саласына 30 млн доллар инвестиция тартуға келісті
Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Оңтүстік Кореяның Seegene компаниясы Алматының медицина саласына 30 млн доллар инвестиция салатын болды. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Сеулге жұмыс сапары барысында SMF қоры инвестиция салуға ниетті екеніні білдірген.
Алматы әкімі Оңтүстік Кореяның медициналық диагностика және зертхана зерттеулері саласындағы көшбасшысы – Seegene медициналық қоры және Open Healthcare Inc компаниясының төрағасы Чхон ЧонГимен кездескен.
Талқылаудың маңызды қорытындысы Алматының Орталық Азиядағы SMF өңірлік хабы болып белгіленуі туралы ұсыныс болды. Оңтүстік Корея компаниясы Алматының медицина саласына шамамен $30 млн инвестиция салуға ниетті.
«Атап айтқанда, жаңа клиника салу, клиникалық зертханаларды жаңғырту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде емхана мен медициналық зерттеу орталығын басқару әдістемесіне денсаулық сақтаудың корей моделін зерделеу және енгізу, сондай-ақ тіркеу деректерін өңдеу рәсімін оңтайландыру, өзін-өзі диагностикалау құрылғылары мен телемедицинаны дамыту бойынша бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қаралды», – делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Ерболат Досаев дагностикаға баса назар аударған елдің денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болатынын атап өткен.
«Бүгінде бүкіл әлемде денсаулық сақтау біртіндеп емдеу үлгісінен диагностикаға көшуде. Бұл аурулармен күресте, азаматтардың денсаулығын қорғауда тиімді жол. Пандемия көрсеткендей, әлем жаңа сын – тегеуріндердің алдында тұр: медициналық орталықтарды заманауи зертханалармен жабдықтауға және зерттеулер жүргізуге назар аударатын елдер ғана бәсекеге қабілетті болады», – деді ол.
SMF төрағасы Чхон ЧанГи өз кезегінде Seegene диагностикалық тестілеуі пандемия кезінде оң нәтиже бергенін айтқан. Медициналық концерннің жоғары тиімді технологиясы сапалы әрі жаппай талдау жүргізуге мүмкіндік берді: Оңтүстік Кореядағы коронавирустық сынақтардың 50%-ын және Сеулдегі сынақтардың 60%- дан астамын бір мекеме-Seegene медициналық қоры өңдеді. SMF жұмысының арқасында Оңтүстік Кореядағы дүниежүзілік пандемия кезіндегі өлім деңгейі басқа елдермен салыстырғанда ең төмен деп танылды.