KEGOС SPO-ға қараша айының алғашқы онкүндігінде шығады, жалақысы жоғары Басқарма төрағасы оған қатыса алмайды екен

Жарияланды
коллаж kursiv.media

KEGOС акцияларын SPO – екінші жария орналасуы қараша айының алғашқы онкүндігіне тұспа-тұс келеді. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Нәби Айтжанов мәлім етті.

«SPO аясында Компания 15 294 118-ге дейін жай акцияларды ұсынуда. Листинг KASE алаңында өтеді және қарашаның бірінші онкүндігінде AIX алаңында өтеді деп күтілуде. Орналастыру бағасы бір жай акцияға 1 482 теңгені құрайды«, деді Нәби Айтжанов.

Оның дерегінше, «KEGOC» АҚ-ның 17 және одан да көп акцияларына ие акционерлер 28 қыркүйек пен 27 қазан аралығында (қоса алғанда), акцияларды сатып алудың басым құқығын пайдалана алады. Ал, жаңа инвесторлардың өтінімдерін қабылдау 16 қазан мен 2 қараша аралығында жалғасады.

Ал, халықарылық инвестициялық сарапшылар компанияның әлеуетін ескере отырып, оның акциясына бұл аталған сомадан жоғары баға беріп отыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан мәлімдеді. Айтуынша, халықаралық сарапшылардың қойған бағасы бағасы 1850, қазіргі бағасы 1550 теңге.

Айта кету керек, акционерлер тікелей KEGOC-қа хабарласу арқылы да өтінім бере алады.

Ал, SPO-ге өтінім брокерлер, банк қосымшалары және Tabys қосымшасы, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ филиалдары арқылы қабылданады, деді Нәби Айтжанов. Айтуынша, Қазақстан азаматтары, қазақстандық институционалдық инвесторлар мен шетелдік инвесторлар арасында орналастыру жоспарланған. Дегенмен, ең алдымен Қазақстан азаматтарының өтініші қанағаттандырылады.

Алайда, Басқарма төрағасының өзі SPO-ға қатыса алмайды. Дегенмен қызметкерлері қатысатынынын, оны күтіп жүргенін айтқан Нәби Айтжанов өзінің қанша жалақы алатынын да жасырмады.

«КЕГОК-тың қарапайым қызметкерлеріндегі, орташа жалақы 450 мың теңге. Өзімнің жалақым 1 млн 900 мың теңге», деді Нәби Айтжанов.

«KEGOC» АҚ SPO қосымша эмиссия жолымен өтеді. «Фридом Финанс» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «SkyBridge Invest» АҚ бірлескен үйлестірушілер мен букраннерлер болып табылады. Бірлескен андеррайтерлер – «BCC Invest» АҚ және «Jusan Invest» АҚ.

Нәби Айтжановтың айтуынша, SPO-дан түскен қаражат компанияның жаңа жобасын қаржыландыруға жұмсалады.

«Екі жаңа 500 кВ Шу-Жамбыл-Шымкент ӘЖ салу, сондай-ақ Шу-Жамбыл-Шымкент үш 500 кВ ҚС қайта жаңарту. Жоба 2027 жылға дейін аяқталады. Жоспарланған SPO-дан түсетін қаражат осы жобаны жүзеге асыруға жұмсалады», деді Нәби Айтжанов.

Аталған жобаның жалпы құны 154 млрд теңге, оның 30%-ы компанияның өз қаражаты, деді Басқарма төрағасы.

Қыркүйектің басында жаңа үкімет құрамымен өткен алғашқы жыл соңына дейін KEGOC акцияларының 5%-ы SPO-ға шығарылатыны мәлім болған еді.

KEGOC SPO аясында орналастылған акцияларының бағасын жария еткен болатын.

Сонымен қатар, биылғы алғашқы жарты жылдық үшін жай акцияларды ұстаушыларға дивиденд төленетінін де хабарлаған еді. Дивидендтер төлеуге 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы «KEGOC» АҚ-тың таза табысының 20 212 291 941,40 теңге мөлшерінде, яғни 87,8%-ы жұмсалады.

«2014 жылы алғаш рет жарияланғаннан бері компания акцияларының бағасы 3 есе өсті акционерлерге шамамен 218 млрд теңге төленді», – деп атап өтті «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.

Демек, акционерлер жартыжылдықта электр компаниясы қоржынына түскен 20 млрд 212 млн 291 мың 941 теңге 40 тиынды жай акция тізгінін ұстағандарға бөлуді қарастырады.

Бұдан бөлек, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы «KEGOC» АҚ таза табысының 12,%-ын құрайтын 2 805 066 058,60 теңге акционерлік қоғамды дамыту мақсатында жұмсалатыны нақтыланды.

2023 жылдың бірінші жартыжылдықтағы «KEGOC» АҚ-ның бір жай акцияға есепегендегі дивиденд мөлшері 77,74 теңге сомасында болды. Алғашқы жартыжылдыққа қатысты диаидент төлеу мерзімі де нақтыланды: 2023 жыл, 16 қазан.

Сондай-ақ оқыңыз