Президент сынынан кейін отставкаға кеткен ТЖ вице-министрі жаңа қызметке тағайындалды
Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов жеке құрамға Астана қаласы ТЖ департаментінің жаңа бастығы Марат Мұхаметқалиұлы Күлдіковті таныстырды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлайды. Айта кетейік, Күлдіков Абай облысындағы өрт кезінде жасаған баяндамасы үшін Президент сынына ұшыраған.
«Министр елордалық гарнизонның жаңа бастығын құттықтап, халық арасында қауіпсіздік мәдениетін насихаттау бағытын ерекше атап өтіп, қызметті жетілдіру бойынша міндеттер қойды», – делінген минисрлік хабарламасында.
Президент 11 маусымда жедел штаб отырысында сол кездегі вице-министр Марат Күлдіковтің сөзін бөліп, Төтенше жағдай министрі дер кезінде келмегенін, облыс әкімі орынбасарларын жіберіп, жұмысқа деген немқұрайлы қарым-қатынас жасағанын баса айтқан еді.
«Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр», – деді Тоқаев.
Тоқаевтың сынына ұшыраған ТЖ вице-министрі бір айдан соң отставкаға өтініш берді. Ол 14 шілде күні қызметінен босатылды.
Айта кетейік, 8 маусымда «Семей орманы» резерватындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында орман өртене бастады. Өрт ауқымы кеңейіп, елді-мекендерге қауіп төне бастаған соң, жақын маңдағы аудандардың тұрғындары эвакуацияланды.
Бастапқыда үш гектарға да жетпейтін жер болса, кейін өрт аумағы күрт ұлғайып, жүз гектарға жетті. Өрт адам шығына әкеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл сапармен Абай облысына барған.
9 маусымда Семейде табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. 10 маусым күні таңертең Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильинді қызметінен босатты. Оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды.
«Семей орманы» резерватында болған ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзіліп, кейін барлығының да қаза тапқаны белгілі болды. Бірнеше күн өткен соң өрт сөндіруге жалғыз кеткен тракторшының мәйіті табылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бас прокуратура Абай ауданындағы ірі өрт фактісі бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, министрлер мен әкімдерден өз шеңберінде жауап алатынын хабарлады.
ТЖМ баспасөз қызметі 14 маусым күні кешке 60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрттің оқшауланғанын хабарлады.
20 маусымда Бас прокурор бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннен куә ретінде жауап алынғанын мәлімдеді.
Абай облысы Бородулиха ауданындағы орман өрті тек 13 шілде күні толығымен сөндірілді.