Қант пен ұн тапшылығы болмайды: Сауда министрлігі қор жеткілікті дейді
Фото: kursiv.media
Қазақстан қант пен ұн тапшылығы болмайды. Ал осы аптада қатты қымбаттап кеткен ұн бағасына қатысты мәселе де шешілмек. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.
Арман Шаққалиев қазір қант бағасы арзандап жатқанын атап өтті.
«Қант бағасы 11%-ға ардандағанын байқап отырмыз. Бүгінде оның қымбаттауына ешқандай алғышарт жоқ. Қант тапшылығы болмайды. Әрине, былтырғы жағдай бізге сабақ болды», – деді Арман Шаққалиев.
Министр былтырғы қант тапшылығына байланысты қант зауыттарына несие беріліп, қаржылай қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Қазақстандағы 4 қант зауыты 70 мың тоннаға жуық қант өндірген. Оған қоса, Ресейден ипорттап отырмыз.
Ссондықтан жалпы нарықтағы жағдай қалыпты, тапшылық жоқ. Тіпті жекелеген өңірлерде де қант артығымен жеткізіліп жатыр», – деді ол.
Ал ұн бағасына келер болса, бұл жерде мәселе қиындау. Министр Жамбыл, Атырау, Ұлытау облысы және Шымкент қаласында ұн қымбаттағанын атап өткенімен, тапшылық жоқ деп тұжырымдайды. Өйткені елде астық қоры жеткілікті.
Былтыр қант бағасы қатты қымбаттаған еді. 2022 жылдың қаңтар-тамыз аралығында оның бағасы бірден 86,6%-ға өсті.
19 маусымда Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, депутат Серік Егізбаев Қазақстан қант бойынша импортқа толық тәуелді деп мәлімдеген еді.
«Қант бойынша жағдай өте күрделі. Республика дайын өнімнен де, шикізаттан да толық импортқа тәуелді. Отандық өнідірістің үлесі 10%-ға төмен. Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр. Мысалы, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9%-ы қамтамасыз етілсе, 2021 жылы ол – 7%-ға, ал 2022 жылы – 6%-ға дейін төмендеді», – деді ол Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Ал ресми дерек бойынша, биыл елімізде қант өндірісі күрт төмендеп, Ресейден келетін импорт үш есе артқан.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, тамыз айында 9,3 мың тонна қант өндірілген. Шілде айымен салыстырғанда бұл 46,7%-ға кем. Яғни 8,1 мың тоннаға аз. Қант өндірісінің бұлайша төмендеуі төртінші рет қайталанып отыр.
2022 жылдың тамызымен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Биылғы көрсеткіш өткен жылғыдан – 79,1%-ға немесе 35,2 мың тоннаға аз екен. Бірақ өткен жылы қант өндірісі тарихи деңгейге жеткен.
Бағаның қымбатамауына Ресейден келетін арзан қант әсер еткен болу керек. Жалпы еліміздегі қант өндірісі төңірегінде шешілмеген мәселе көп. Айта кетер болсақ, біраз уақыт бұрын Жетісу облысының шаруалары Президентке ашық хат жолдады.
«Көксу қант зауыты» қызылшаны шаруалардан өте арзанға сатып алып, нарыққа қымбатқа шығаратынын айтқан Жетісу фермерлері 2026 жылға қарай отандық қызылша қантының үлесін алты есе арттыру туралы Президенттің тапсырмасын орындау мүмкін болмайтынын мәлімдеді. Шаруалардың айтуынша, қант нарығындағы монополия бұл саладағы мәселелердің шешілуіне кедергі болып отыр.