Қайтарылған қаражаттың қайда жұмсалып, кімдер игеріп жатқанын қоғам білуі керек – «Аманат» партиясының депутаттары

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қайтарылған қаржылар мен активтердің көлемін және олардың қайда жұмсалып, кімдер игеріп жатқанын азаматтық қоғам біліп, барлық тараптан қатаң бақылау болуы керек деп санайды, «Аманат» партиясының депутаттары. Үкімет басшысына жолдаған сауалында депутаттар осы мәселені көтерді.

Депутататтар барлық мәліметтер арнайы интернет сайтта ашық жарияланып, әр қазақстандық кез-келген уақытта көріп отыратындай ашық болу тиіс екенін айтады. Олардың мәліметінше, Қазақстан Халықаралық рейтингтер бойын­ша капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді екен. Ал көптеген сарапшылардың болжамы бойынша соңғы отыз жыл ішінде елімізден 200 млрд АҚШ доллары сыртқа шығарылған. Бұл – Ұлттық қордағы қаржыдан төрт есе жоғары.

Десе де, сыртқа заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Биылғы жылдың шілде айында Президент заңға қол қойды. Енді бұл салада оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Осы орайда депутаттар қайтарылған қаражатты тек әлеуметтік жобаларға ғана емес, сонымен бірге экономикалық салаларға жұмсаған жөн деп санайды.

«Қайтарылған қаржыға әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептерді салу басталып кетті. Бұл өте дұрыс қадам. Өйткені өңірлерде үш аусымды оқытуды жою және ескі білім ордаларын жаңалау қажет», дейді депутаттар.

Сонымен бірге депутаттар энергетикалық нысандардың қазіргі жағдайы сын көтермейтінін айтады. Кейбір нысандарда тозу 100% -ға жетсе, электр желілердің тозуы орташа есеппен 66%-ға жеткен.

«Биылдың өзінде энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін республикалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына – 7,2 млрд теңге бөлінді. Жұмыс ресурстары шегіне жетіп, әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және Президенттің өткендегі Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет», дейді олар.

Ал қуаттарды тарифті өсіріп, халыққа жүктеме салып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес екенін айтады. Өйткені азаматтарымыздың көпшілігі тапқан табысын күн көрісіне әрең жеткізіп отыр, ал бюджет мүмкіндігі шектеулі. Бюджет демекші, мұндағы энергетикалық нысандарды жөндеуге бюджет резервінен 21,5 млрд теңге жұмсалған. Сондықтан қаржыландырудың басқа жолын іздестірген жөн деп санайды.

«Тарифті көтеруден бұрын басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет. Сондай қаржының көзі – елімізден әр түрлі жолдармен шетелдерге шығарылған, миллиардтаған АҚШ долларлық активтер. Тіпті оның ішінде энергетика саласынан шығарылған қаржылар да болуы мүмкін. Кезінде ол қаржылар Қазақстанның стратегиялық нысандарын модернизациялауға, экономикасын дамытуға жұмсалуы керек еді. Сондықтан қайтқан қаржыны тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға жататын – стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсау қажет. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, бюджет қаржыларын үнемдейді, ең бастысы тарифті көтеріп халықты қинамаймыз», дейді «Аманат» депутаттары.

Сондай-ақ олар жұмыссыздық белең алған өңірлерде жаңа кәсіпорындарды ашуға осы активтерді пайдалану мәселесін көтерді. .

«Неге осы активтерді ішкі нарықта айналдырып, зауыт, фабрика салуға жұмсамасқа? Сол кезде өңдеу саласы дамиды, жергілікті құрылыс материалдарын шығарамыз, импорттық тауарлар мен қызметтерді өзімізде оқшаулаймыз, біліктілігі жоғары мамандарға сұраныс көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, өңірлердің салық базасы артады және басқа да мультипликативтік эффектке қол жеткіземіз. Қайтарылған қаржылар экономикалық оң нәтиже беретін, халықтың әл-ауқатын көтеретін бағыттарға жұмсалса тиімді болады. Бұл әділ шешім болар еді», дейді.

Сондай-ақ оқыңыз