«Самұрық-Қазына» Qazaq Air-ді жекешелендіруді екі апта кейінге қалдырды
фото: kursiv.media
«Самұрық-Қазына» қоры Qazaq Air әуекомпаниясын жекешелендіруге қатысты өтінімдерді қабылдау мерзімін екі аптаға ұзартты. Бұл жайлы қордың баспасөз баяндамасында жазылды.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл–ауқат қоры» акционерлік қоғамы Қорға тиесілі «QAZAQ AIR» АҚ–ның 49%–дан 100%–ға дейінгі акцияларын өткізу жөніндегі 2023 жылғы 18 тамызында жарияланған cауда-саттықты өткізу туралы хабарламаға өзгерістер енгізілгені туралы хабарлайды.
Нақтырақ айтқанда, бірінші кезеңдегі конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімі 28 қыркүйектен 13 қазанға дейін ұзартылды. Ал екінші кезеңді қорытындылау бастапқыда жоспарланған мерзімнен екі апта өткен соң, яғни 29 желтоқсанда өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Qazaq Air-ді жекешелендіру процесі тамыз айының ортасында басталды. Компания Үкіметтің тиісті жоспарына енгізілген. Сол себептен жеке меншік иесінің бақылауына өту үрдісі осы жылдың соңына дейін болуы тиіс. Бұл туралы Qazaq Air-дің қазіргі жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» хабарлады.
Сонымен қатар, жекешелендіру үрдісінің пайдасы да сөз болған. Бұл үрдістің қазақстандық авиатасымалдар нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға, оның ішінде Qazaq Air ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және «инновациялық шешімдерді»енгізуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Бұл ретте жеке инвесторға беру жоспарланып отырған компания үлесі тікелей Qazaq Air-дің шығу тегімен байланысты. Қазақстандық меншік иесі тасымалдаушының 100% акциясына үміт ете алады, ал шетелдік меншік иесіні тек 49%-ға ие болу мүмкіндігі бар. Бір айта кетерлігі, шетелдік иесі компанияны тиімді бақылауды жүзеге асыра алмайды.
Біз бұрын да өз тарапымыздан Qazaq Air-ді жекешелендірілуіне қатысты ақпарат жазғанбыз. Сатудың нақты схемасы барлық өтінімдерді алғаннан кейін және инвесторлардың конкурс талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін белгілі болады. Мемлекеттік холдинг конкурсқа тұрақты рейстер жасайтын немесе тиісті құзыретке ие мамандар тобы бар компаниялар қатыса алады деп санайды.
Бұл ретте азаматтық авиацияда жұмыс тәжірибесі жоқ инвесторлар консорциумға осындай тәжірибесі бар басқа адамдарды тарта алады. Сонымен қатар, авиакомпания лайықты деңгейже басқарылмаған жағдайда «Самұрық-Қазына» оны кері сатып алуға құқылы.
QAZAQ AIR тұрақты ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсететін, пайдаланушы сертификаты бар Қазақстанның үш ірі коммерциялық әуе компаниясының бірі. Әуе компаниясы IATA ресми мүшесі және IOSA халықаралық өндірістік қауіпсіздік стандарты бойынша сертификатталған.