«Шетелдік агенттер» тізіліміндегі компаниялар тексеріле бастады
Фото: kursiv.media
Қазақстан банктері «шетелдік агенттер» тізіліміндегі компаниялардан ақшаның мақсаты туралы құжаттарды талап ете бастады.
Мәселен, Нұрбанк «күдікті қаржылық операциялар» бойынша тергеу аясында әлеуметтік белсенділердің есепшоттарын бұғаттап тастады. Атап айтқанда, «Эхо» қоғамдық бірестігінің Нұрбанктегі есепшоттары ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күресті реттейтін заңнама негізінде уақытша бұғатталған.
«Эхо» директоры Павел Лобачевтың айтуынша, бір ай бұрын Нұрбанк өкілдері бірлестікке хабарласып, Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап, қоғам белсенділерінен құжаттарсұраған. Ұйым Қазақстан заңнамасына сәйкес барлық қажетті құжаттарды беруге дайын болғанымен, банктен нақты нұсқаулар келмеген.
Ал 25 қыркүйекте ұйымның шоттары уақытша бұғатталған. Бірақ қандай негіздерге сүйеніп бұғатталғаны жайлы сұраныс түсіргеннен кейін бұғаттан шығарылған.
Лобачев қазіргі кезде қолма-қол ақша алуға қатысты заңнамада қатаң критерийлер бар екенін және ұйымдардың сол заңнаманы қатаң сақтауы тиіс екенін айтады.
«Біз құжаттарды беруге дайынбыз, бірақ бізге нақты – мерзімдер мен құжаттар тізілімінен тұратын нақты критерийлер керек. Біз ынтымақтасуға дайынбыз, бірақ бұл орайда ашықтықпен және заңға сәйкес жүргізілуі керек», деп атап өтті «Эхо» директоры.
Бір апта бұрын 2023 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі шетелден қаржыландыру алатын жеке және заңды тұлғалардың тізімін жариялады. Оның құрамында 240 ұйым мен азаматтар бар. Тізімге осы «Эхо» бірлестігі енген.