Жаңалықтар

Телеграм-бот қазақстандықтардың дербес деректерін таратып жіберді: заңға өзгеріс ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете ала ма?

Фото: kursiv.media

Мәжілісте ақпараттық қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын жетілдіру мәселесі қаралды.

Өзгеріске сәйкес, дербес деректердің айналымы және сақталуы саласына мемлекеттік бақылау енгізіледі. Бұл заң жобасының нормасы операторлармен профилактикалық жұмысты да жолға қоюға мүмкіндік бермек. Ұсынылып отырған шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтеді. Жалпы электрондық үкіметтің тұрақтылығын арттырады деп күтілуде.

«Күні кеше ғана әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың жеке деректеріне рұқсатсыз қол жеткізгені туралы ақпарат тарады. Қазақстандықтардың ЖСН нөмірі, мекенжайы шетелдік телеграм ботқа тарап кеткені белгілі болды. Телефон нөмірін енгізсең болғаны, барлық ақпарат беріледі. Көпшілік пайдаланушылар бұл деректердің мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған болуы мүмін деген болжам айтты. Осыған байланысты ифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сұрағым бар. Бұл қалай болды және бұл мәселені шешу үшін министрлік қандай қадамдар қабылдады? Жалпы, заң жобасына өзгерсітер осындай мәселелерді шеше ала ма?», деп сұрады депутат Никита Шаталов.

Цифрлық даму министрлігінің өкілі депутаттың бұл сауалына былай деп жауап берді:

«Иә, мұндай жағдай орын алды. Ола ескі ақпараттарды пайдалануы мүмкін деп болжаймыз. Сондай-ақ хакерлер тамақ жеткізу сынды курьерлік сервистердің деректерін пайдалануы мүмкін. Қазіргі таңда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы мәселе бойынша барлық мән-жайларды анықтау жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ әкімшілік іс қозғау мәселесін қарау үшін деректер жинап жатыр», деп жауап берді.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева егер заң жобасы күшіне енсе, мұндай қауіптердің алдын алуға болады деп санайды. Өйткені өзгерістерге сәйкес әрбір оператор реттеушіге дербес деректердің сыртқа жайылып кеткені туралы хабарлауы тиіс болады. Ақпарат ыртқа жайылып кеткені анықталған сәттен бастап үш күн ішінде олар хабарлама жіберуге міндеттеледі.

Сондай-ақ комитет хатшысы осы өзгерістер арқылы заң негізінде «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогы жұмысын құқықтық реттеуге мүмкіндік туатынын айтады.

«Азамттарымыздың ақпараттық қауіпсіздігін сақтауға жаңадан енгізілетін бак-баунти платформасы көмектеседі. Бұл – озық зерттеулерге негізделген ақпараттық жүйенің оса тұстарын анықтауға бағытталған өте тиімды платформа. Сондай-ақ егер азаматтардың деректері ұрланатын болса, ол азаматқа 1414-тен дереу хабарлама келеді», дейді Екатерина Смышляева.

Депутат Нұртай Сабильянов қазіргі таңда дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, көптеген азаматтардың жеке деректерінің заңсыз таралу жағдайы жиі тіркелгенін айтты. Мысал ретінде медициналық ақпараттық базасынан, Бас прокуратураның  ақпараттық жүйесінен мәлімпеттердің таралып кету жағдайын келтірген ол, заңға өзгеріс енгізу арқылы осындай келеңсіздіктердің алдын алуға болатынын айтты.

«Заң жобасының басты мақсаты дербес деректердің қауіпсіздігінің бұзылмауын қамтамасыз етуге, уәкілітті органға мемлекеттік бақылау функциясын беруге және  осы туралы жаңа ұғым енгізуге  бағытталған», деді.