Мусин басқаратын министрлік қарсы болды: мемлекет ұялы байланыс тарифтерін реттемейді

Жарияланды

фото: gov.kz

Ұялы байланыс тарифтері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарапынан реттелмейтін болды.

Ақпаратқа сәйкес, Бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мақұлдамауына байланысты ұялы байланыс бағасына мемлекеттік реттеуді енгізу туралы ұсыныс заң жобасынан алынып тасталған.

Ақпарат кеңістігінде тараған мәлімдені нақтылау мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметімен байланыстық. Құзырлы мекеменің баспасөз қызметі аталмыш ақпаратқа қатысты:

– Бұған дейін Агенттік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – заң жобасы) әзірленіп жатқан жобасы шеңберінде осы саланы қоғамдық маңызы бар нарықтарға жатқызу жолымен ұялы байланыс қызметтерінің бағаларын мемлекеттік реттеуді енгізуді ұсынған болатын.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 124-6-бабында табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бағаларды мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады деп көзделген. Сонымен қатар, байланыс саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұялы байланыс бағасына мемлекеттік реттеуді енгізумен келіспеуіне байланысты бұл тармақ қазіргі уақытта заң жобасынан алынып тасталды, – деді.

Десе де, естеріңізде болса, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің ұялы байланыс бағасын мемлекеттік реттеудің министрліктің міндетіне жатпайтынын айтқанын жазған едік.

Министр өз сөзінде ұялы байланыс бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайтыны жайында:

«Әр ведомствоның өз функциясы бар. Біздің функционалға тарифтерді реттеу жұмыстары кірмейді. Қандай нарықта тарифтер басқарылуы керектігі айтылған арнайы заң бар. БҚДА қайтадан тарифтердің мемлекетті басқаруға өткізу туралы ұсыныс жасады. Егер БҚДА солай жасаған дұрыс деп санаса, біз бұл жағдайды талдап, қарастыратын боламыз. Дұрыс айтасыздар, ашық, таза бәсекелестік болуы керек. Тек әділ бәсекелстік қана әділ баға қоюға мүмкіндік береді. Сол мақсатта Үкімет «Самұрық-қазынаға» бір мобильді операторды «Қазақтелеком» құрылымынан шығарып, жеке нарыққа жіберу туралы талап қойып отыр. Өйткені тек жеке нарық қана әділ тариф орнатуға жол ашады», деп айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз