Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматы облысында көктемде құрылған «G4 City» экономикалық аймағы жобасын жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
Бұл жобаға сәйкес, Алматы облысында 2048 жылға дейін жалпы ауданы 30 мың га болатын «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылады.
Алматы және Қонаев қалаларының аралығындағы орналасатын интеграцияланған G4 City қаласы төрт ауданнан тұратын болады:
- Gate – іскерлік және қаржылық орталық;
- Golden – білім беру және медицина салалары бойынша хабтар;
- Growing – өнеркәсіптік және логистикалық хабтар;
- Green – туристік кластер.
Бұл интеграцияланған қала отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы климатты қамтамасыз етпек.
Жобаға қатысты қолға алынған шаралар мен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев баяндама жасады. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр уәкілетті мемлекеттік органға бірқатар тапсырма берді.