Жаңалықтар

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы «Дипломат» қонақүйін заңсыз иемденді деп айыпталып отыр

shutterstock, booking.com және facebook.com/mukhamediuly

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір қылмыстық іс қаралып жатыр. Бұл жолы іс елордадағы «Дипломат» қонақүйін заңсыз иемдену бойынша қозғалған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 249-бабы 1-бөлігі (рейдерлік әрекетке оқталу), 28-бабы 3-бөлігі – 250-бабы 1-бөлігі (өкілетін теріс пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастыру) бойынша айыпталып отыр.

Қылмыстық іс бойынша тағы бір айыпталушы Жуаспаева қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігі (жалған құжат, мөр, бланкіні қолдан жасау арқылы көрінеу жалған құжатты пайдалану), 250-бабы 1-бөлігі (өкілетін теріс пайдалану) бойынша айыпталып тағылған.

Прокурор Олжас Хайруллаевтың айтуынша, 2019 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлына елордадағы «Дипломат» қонақүйінің иесі, кәсіпкер К. жүгінген. Экс-министр оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына қонақүйдің жарғылық капиталының 71%-ын енесінің атына жазып беруді ұсынған. Осылайша ол қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.

Келісімге қол қойылған соң Мұхамедиұлы қонақүйге жиі келетін болған. Содан кейін қонақүйдің қалған 29% бөлігін беруді сұраған. Алайда кәсіпкер К. бұл ұсынысты қабылдамаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Мұхамедиұлы қызметкерлеріне «Дипломат» қонақүйіне кәсіпкер К.-ны кіргізбеуді тапсырған. Артынша компания иелерінің жалпы жиналысында жалған хаттама толтырылып, ЖШС директоры ретінде Мұхамедиұлының адамы таныстырылған.

Сот барысында экс-министр Мұхамедиұлы тағылған айыпты мойындамады.

«Құрметті сот, тағылған айыппен мүлде келіспеймін. Бұл – 2020 жылдан бастап Серік Қарымсақовтың қаржылық қиындыққа ұшырап, қаржылық мүмкіндіктері бар адамдарды жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан қылмыстық схемаға тартып, өз мәселелерін шешіп, құқық қорғау органдарына заңсыз әдіспен жүгініп, адамдарды түрмеге қамап, бүкіл бизнесті өзіне қайтарып алған үшінші жағдай», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Істі судья Әбинұр Қарабаев қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушы – Олжас Хайруллаев.

Айта кетейік, 2023 жылдың 20 маусымында Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садуақасоваға сот үкімі шықты. Төртеуі де 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

2023 жылдың 14 қыркүйегінде Астананың апелляциялық сот алқасы бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.