Қазақстан экономикасы әлі импортқа тәуелді – депутат
Фото: shutterstock.com
Еліміздегі экономиканың нақты секторы қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылады. Бұл туралы сенатор Сұлтанбек Мәкежанов айтты, деп хабарлады kursiv.media.
Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.
Депутаттың айтуынша, экономиканың нақты секторы бойынша шығыстар 18,7% төмендеп, ал әлеуметтік саладағы шығыстар 17% өскен.
«Мұнда даму бюджетінің үлесі 9,2% немесе 2,2 трлн теңге болып қалыптасты. Бұл – 2016 жылмен салыстырғанда рекорд ең төменгі көрсеткіш. Демек даму бюджеттеріне арналған шығыстар 2016 жылмен салыстырғанда 38 есе төмендейді деген болжам бар.
2012 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі аралықта өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімге салымы 30,1%-дан 29,3%-ға дейін төмендеді. Бұл мемлекеттің индустрияландыруға бағытталған саясатты іске асыруға жеткіліксіз қатысып жатқанын айғақтайды. Салдарынан бүгінде бюджеттің қатаң тапшылығына ие бола отырып, шығындардың өсуі кірістердің өсуімен қамтамасыз етілмейтінін көрсетіп отыр», – деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Оның пікірінше, сондықтан еліміздің қаржы саласын жетілдіру үшін шетелден инвестиция тарту қажеті туындайды. 2022 жылы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 28 млдр долларға жетті. Бұл – рекорд көрсеткіш.
«Алайда олардың үлкен үлесі шикізат секторына, оны тасымалдау мен саудаға байланысты инфрақұрылымға бағытталған тек даму өндірісіне емес.
Мұнда ұлттық экономикамыздың құрылымы әлі импортқа тәуелді. Мысалы, бүгінде құрылыс материалдарының импортына тәуелділік 90%-дан асқан, ал агроөнеркәсіп кешені саласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шамамен 60% жуығы импортталады. Осылайша, Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жай-күйіне әсер ететін осы және басқа да проблемалық мәселелерді ескеріп, оларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру мүмкіндіктерін жаңаша қарап, оларды шешудің балама жолдарын бірге әзірлеуге шақырамыз», – деді сенатор.